Алматыда студенттер арасында бадминтон мен үстел теннисінен жарыс өтті

15.04.2018, Оқылғаны: 469

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің спорт кешенінде жоғарғы оқу орындарының студенттері үстел теннисі мен бадминтоннан өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Үстел теннисінен 43 қыз бен 47 ұл қатысты. Олар үш жеңіске дейін, "-2" жүйесі бойынша ойнады. Қыздар арасында командалық есепте Нарxоз университі жеңсе, екінші орынды ҚазҰПУ қыздары иеленді. Ал үздік үштікті АЭжБУ студенттері қорытындылады. Күміс пен қоланы Нарxоз университінің оқушылары олжалады. Соның бірі кәсіби теннисші - Диана Ильясова.

- Мен екінші курс студентімін, үстел теннисімен кәсіби түрде айналысқанмын, спорт шебері атағының үміткерімін. Ұйымдастырушыларға осындай мүмкіндік үшін алғысымды білдіремін. Қарсыластар мықты болды, ойындар да қызықты өтті. Барлығы жоғарғы деңгейде өнер көрсетті, - деп бөлісті, - Нарxоз студенті Диана Ильясова.

Ал ұлдар арасында командалық есепте Нархоз университетінің студенттері үздік атанды, олардан кейін СДУ және ҚазАТК ұлдары келесі орындарға жайғасты. Жалпыкомандалық есепте Нархоз университеті жеңді.

Жалпы жарыста жиырмаға жуық ЖОО-ның студенттері бақ сынасты. Бадминтоннан ұлдар мен қыздар арасындағы жарыс нәтижелері бойынша жалпыкомандалық есепте ҚазҰУ жеңді, күмісті ҚазАТК олжаласа, қоланы Абылай xан атындағы ҚазХҚжӘТУ студенттері қанағат тұтты. Айта кетер жайт, ұлдар арасында алтынды олжалаған Дмитрий Маликов бадминтоннан жастар ұлттық құрама командасының спортшысы.

- Мен спорт шебері атағына үміткермін, осы спорт түрінен жарыс біздің университетте өтетінін біліп, қатысуға бел будым. Бадминтон ойнауды жақсы көремін, он жылға жуық шұғылданамын. Осындай спорттық шара үшін ұйымдастырушыларға раxмет. Сонымен қатар, сыйлықтар да табысталды, ризашылығым шексіз, - деп алғысын білдірді Дмитрий Маликов.

Жарыс «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасын іске асыру аясында өткізіледі. Оның басты мақсаты ЖОО студенттерін бұқаралық-спорттық шараларға қызықтыру, студенттер арасында үздік командаларды анықтау, үстел теннисі мен бадминтонды жастар арасында таныту және осы спорт түрлерін дамыту болып табылады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және медалдармен, сондай-ақ, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетсек, «Спорттық Алматы» бағдарламасы қаладағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.