Алматылық xоккейші қыздар қарсыластарын ойсырата ұтты

22.04.2018, Оқылғаны: 235

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында хоккейден әйелдер арасындағы Қазақстан біріншілігінің үшінші туры жалғасуда, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

Бүгін чемпионаттың үздік командалары "Айсұлу" мен "Томирис" бәстесті. Матчтың екі кезеңінде де xоккейшілер қарсыластар қақпасына шайба соққан жоқ. Шабуылдар болғанымен, ештеңе шықпады, есеп өзгеріссіз 0:0. Алайда, соңғы кезеңде алматылықтар жиналып, командасына екі ұпай сыйлады. Матчтың нәтижесі бойынша "Айсұлу" 3:0 есебімен астаналық xоккейшілерді тізе бүктірді. 

- Екі кезеңде нәтижесіз болды, менің ойымша, біз ойынның басында жинала алмадық, тактикалық әдістер де ойдағыдай шықпады. Бүгінгі матч сәтсіз басталғанымен, ойынның соңында біз жиналып, жеңе алдық. Бірінші шайбаны біздің капитан соқса, командамның көмегімен соңғы екеуін өзім соқтым, - деп бөлісті "Айсұлу" xоккейшісі Меруерт Рыспек.

Бұл матчтан кейін кіші «Айсұлу U-18» бен «Горняк» жарыс жолына шықты. "Айсұлудың" ізін қуған кіші команда да бүгін жеңіске жетті. Олар "Горнякты" 6:0 есебімен ойсырата ұтты.

Еске сала кетсек, алматылық «Айсұлу» мен «Айсұлу-18» командалары қонақтарды күнделікті сағат 10:00-де және 12:40-та қабылдайтын болады. Ойындар спорт сарайының кіші залында өтеді. Айта кетер жайт, ел чемпионатында алматылық «Айсұлу» бірінші орынмен көш бастап тұр.

Қазақстан чемпионатының ойындар кестесі:

23 сәуір

10:00. «Айсұлу» - «Торпедо»

12:40. «Айсұлу-18» - «Томирис»

24 сәуір

10:00. «Томирис» - «Торпедо»

12:40. «Айсұлу» - «Горняк»