«Айсұлу» хоккейден Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанды

24.04.2018, Оқылғаны: 295

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шайбалы xоккейден қыздар арасында Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Бүгін «Томирис» - «Торпедо», және «Айсұлу» - «Горняк» кездесті. Бірінші ойын 1:0 есебімен астаналықтардың жеңісімен аяқталды. Осылайша, олар чемпионаттың күміс жүлдегерлері атанды. Ал екінші матчта «Айсұлу» қарсыластарын 15:0 есеппен ойсырата ұтып, Александр Мальцевтің шәкірттері ел чемпионы  атанды.

- Менің ойымша, біз бұл маусымды өте жақсы аяқтадық, енді демалысқа шығамыз. Бұл маусымда клубпен жарыстар аз болды. Ал Қазақстан құрамасымен біз Қытайды жеңдік, осы матч есте қалатындай ең әсерлі болды деп ойлаймын. Осы турда бірде-бір шайбаны жіберіп алған жоқпыз. Өйткені, біздің командада тәжірибиелі хоккейшілер өнер көрсетеді, ал қалған чемпионат қатысушылары өте жас. Жалпы, жарыс жақсы өтті, - деп қорытындылады «Айсұлу» ХКшабуылшысы Меруерт Рысбек.

Алматылық «Айсұлу» осы кезеңде өз қарсыластарына бірде-бір шайба соғуға мүмкіндік бермеді. Айта кетсек,  алматылық ұжым  Қазақстан ұлттық құрама командасының негізін құрайды, олар еліміздің үздік ойыншылары.Ал бүгінде, Қазақстанның 13 дүркін чемпионы. Еске сала кетсек, «Айсұлу» хоккей клубы құрылғалы бері, ел чемпионатын көш бастап келеді.

Әрине, қазіргі таңда, оларға тең  келер команда  жоқ, алайда, олардың орнын басатын хоккейшілер де өсіп келеді. «Айсұлу U-18» осымен екінші рет Қазақстан чемпионатына қатысуда. Олар осы жылы қола жүлдесін жеңген «Торпедо» командасынан кейін төртінші орынға жайғасты. Ал соңғы орынды Рудный қаласының  спортшылары «Горняк» командасы иеленді.