Амантай Баширов: Біз Қазақстанда хоккейді дамыту қажет

24.04.2018, Оқылғаны: 81

Биыл алып шаһарда «Agalar» ардагерлер әуесқой хоккей командасы құрылды. Соның негізін қалаушылардың бірі Амантай Баширов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Алматының 100 спорт есімі» айдарында. Ақпараттық және спорттық ХАБ журналистімен болған сұхбатында ол өзінің жоспарымен бөлісіп, жаңа команда жайлы сөз қозғады.

Ол 1954 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазіргі танда Амантай аға үш бала және екі немересін тәрбиелеп, хоккеймен шұғылдануда. Балалық шағында шайбалы және допты хоккеймен айналысқан, ал, жас кезінде Өскемен титан-магниттік комбинатының хоккей командасында өнер көрсеткен.

- Биыл біз Владимир Босенко, шайбалы хоккейден ҚСРО спорт шебері екеуіміз Алматыда «Agalar» атты ардагерлер командасын құруға бел будық. Қазір Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының кішкентай аренасында әр сенбі сайын жиналып, жаттығу өткізіп жүрміз. Атауын өзіміз қойдық, себебі бұл жерде тек 55 жастан жоғары ойыншылар ғана өнер көрсетеді. Ең қарт ойыншының жасы 73-те. Біздің командаға кез келген ойыншы тіркеле алады. Көбісі Алматының әуесқой лигасының хоккейшілері, ал кейбіреуі физикалық формаларын сақтап жүрген ойыншылар. Олардың қатарында ҚСРО спорт шеберлері де бар.

- Команданың мақсаты қандай?

- Біздің басты мақсат салауатты өмір салтын насихаттап, хоккей спортын дамыту. Мақсатымыз қала студенттері мен оқушыларға хоккей ойының үйрету. Оларды Алматыдағы тегін мұз айдындарында дайындауға әзірміз. Осы жылы құрылған тегін мұз аландары келесі маусымда да орнатылса, осы жобаны іске асырамыз. Сонымен қатар, біз халықаралық және әуесқой турнирлерге қатысамыз. «Димаш-Еңбек» командасымен жолдастық кездесу өткізу жоспарда бар. Ол жерде көптеген кәсіпқой ойыншылар өз шеберліктерін шыңдап жүр, осылайша біз соларға қарсы ойнап, әуесқой мен кәсіпқой ойыншылардың айырмашылығы бар екенін елге көрсетсек па дейміз. Біз еліміздегі хоккейді дамытуымыз керек.

- Өзіңіз хоккейді қалай бастап едіңіз?

- Ең алғашқы рет мен хоккейді 9 жасымда аулада ойнадым. Көшеде ойнап жүрген балаларға қызығып, бастап кеттім.

- Қазір еліміздің қай қаласында осы спорт жақсы дамыған?

- Барлық қалада дамып келеді, ал, Өскемен ол хоккейдің отаны. Сондай-ақ Алматы, Астанада жақсы инфроқұрлымдар салынып, қарқынды дамуда. Алдағы уақытта тағы бір үлкен қала Шымкентте де дамиды деп ойлаймын.

- Басқа спорт түрлеріне қызығушылық танытасыз ба?

- Жоқ, бірақ менің өз балаларым мен немерелерім триатлон, шахмат, күрес, гимнастика сынды спорт түрлерімен айналысады.

- Жастарға қандай кеңес бересіз?

- Спортпен айналысындар. Спортсыз өмір сүру қиын.