Алматыда мектеп оқушылары арасындағы жарыстар жалғасуда

25.04.2018, Оқылғаны: 556

Бүгін «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында Алатау ауданының 5-8-ші сынып оқушылары арасында жарыстар өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

№ 154, 160 және 179-ші жалпы білім беру мектептерінің оқушылары асық ату, шағын футбол, арқан тарту, баскетбол спорт түрлерінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Сонымен қатар, қыздар пенальти және секіргіштен өткен байқаулардан өз бақтарын сынады. Өте көңілді әрі қызықты өткен ойындардың нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медалдармен марапатталды.

Сонымен қатар, бірнеше апта бойы осындай жарыстарда № 181, 182, 169, 178, 196, 184, 185, 114, 152, 150, 164, 151 және 156 мектеп және лицей оқушылары бақтарын сынаған еді.

Бұл іс-шараның әр мектептегі ашылу салтанатында әдеттегідей оқушылар би билеп, ән салып көңіл көтерсе, ұйымдастырушылар мен мектеп басшылығы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетсек, оқушылар арасындағы жарыстар «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында 2016 жылдан бастап өткізілуде. Оның басты мақсаты қатысушылардың арасында салауатты өмір салтын насихаттап, балалардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыру болып табылады.