Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінде оқушылар арасындағы жарыстар жалғасуда

28.04.2018, Оқылғаны: 409

Бүгін «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының аясында 5-8 сынып оқушылары асық атудан, арқан тартудан, шағын футбол мен баскетболдан бақ сынасты. Жарыс Әуезов ауданының № 97 мектебінде өтті, деп xабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Спорттық іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырушылар мен мектеп мұғалімдерінің ізгі тілектерімен және кішігірім концерттік бағдарламамен басталды. Олар қатысушыларға сәттілік және жарқын жеңіс тіледі.

Естеріңізге сала кетсек, бұл жарыстар 2016 жылдан бері өткізіледі. Мектеп мұғалімдері атап өткендей, мұндай спорттық іс-шаралардың жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға тигізер септігі мол және оқушылардың спортқа деген қызығушылығы да жыл санап артып келеді.

№ 97 жалпы білім беретін мектептің 150 оқушысы жоғарыда аталып өткен спорттың төрт түрінен өзара мықтыны анықтады. Қатысушылардың айтуынша, жарыстар қызықты да тартысты болды.

- Мен жетінші сыныпта оқимын. Бүгін арқан тартудан бәстестік. Ойын бізге қиын берілді. Қарсыластарымыз өте мықты болды, сондықтан екінші орынды иелендік. Күміс те жақсы жүлде деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз, - деп жарыс қатысушысы Әлмаxан Мустафин бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Спорттық Алматы» атынан медаль мен дипломдармен марапатталды.

«Спорттык Алматы» бағдарламасы қаладағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.