Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спартакиада өтті

29.04.2018, Оқылғаны: 345

Бүгін "Спорттық Алматы" бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен спартакиадада үздік спортшылар анықталды, деп ақпараттық және спорттық ХАБ xабарлайды. 

Көру, есту, ТҚАЗ қабілеттері нашар 300-ге жуық ұлдар мен қыздар жеңіл атлетика, бадминтон, шағын футбол, жүзу, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтады. Әлбетте, олар өз категориялары   бойынша бақтарын сынады. 

Қатысушыларды қолдауға олардың бапкерлері, мұғалімдері мен ата-аналары келді. Олардың айтуынша, бұл спорттық шара мұндай ерекше жандар үшін үлкен мереке және олар спартакиадаға қуана-қуана қатысты.

- Бізде жарыстар кішкене басқаша өтеді, біздің жүйеміз де өзгешелеу. «Спешиал Олимпикс» жүйесі бойынша жүзуден барлық сегіз дивизион марапатталады, бірақ паралимпиадалық жүйе де бар. Бүгінгі өзгерістерге қарамастан, біздің спортшылар жоғарғы деңгейде бәстесті және барлығы жүлделі орындарды иеленді. Олардың ішінде үздік нәтижені Айжан Калибекова көрсетті. Біздің қуанышымызда шек жоқ, ұйымдастырушыларға алғысымызды біздіреміз, - деп атап өтті жүзуден «Спешиал Олимпикс» бапкері Николай Ильин.

Сонымен қатар, қатысушылардың жарыс алдындағы қобалжуы мен марапаттау рәсіміндегі шынайы көңілі мен қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Барлығы жарысқа толыққанды дайындалып, көрермендерді жақсы ойын өрнегі мен шеберліктерімен таң қалдырды.

- Маған футбол мен волейбол ойнаған өте ұнайды, осы спорт түрлерін жақсы көремін. Бірақ, бүгін үстел теннисінен жарысқа қатыстым. Бапкеріме мені жарысқа дайындағаны үшін алғысымды білдіремін. Бірінші орынды жеңемін деп ойлаған жоқпын, бірақ, қатысушылар арасында үздік атанғаным үшін қуанышытымын, - деп бөлісті жарыс жеңімпазы Елизавета Кирдюшева.

Ал ерелер арасында үстел теннисінен А. Лазарев жеңді. Интеллектуалды ойындарға келетін болсақ, шашкадан Николай Белокрылов үздік атанды, шахматтан Шаден Карибаев пен Любовь Виноградова жақсы нәтиже көрсетті, ал тоғызқұмалақтан Ришат Шамиль алтынды олжалады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұл спартакиаданың басты мақсаты салауатты өмір салтын насиxаттау және мүмкіндігі шектеулі жандарға тең мүмкіндік сыйлау болып табылады.

Қаладағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Спорттық Алматы» бағдарламасы осымен үшінші жыл қатарынан ерекше жандар арасында спартакиада ұйымдастырып, оларды нағыз спортшы ретінде сезінуге мүмкіндік сыйлады.