Ермек Насиев: Мен жетпеген жетістіктерге шәкірттерім жетсе деймін

02.05.2018, Оқылғаны: 201

Ақпараттық және спорттық ХАБ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Алматының 100 спорт есімі»  айдарында спортшылар, спорт ардагерлері  және  осы саланың мамандарымен таныстыруды жалғастыруда. Біздің қонағымыз  дзюдодан  Алматы құрамасының бапкері Ермек Насиев.

- Мен бапкерлік қызметімді 2002 жылы бастадым. Алғашқы жылы Алматы облысында шағын бір мектепте қазақ күресінен балаларды дайындадым. Артынша қалада бірінші вокзал жақтан зал ашып сол жерде жалғастырдым. Қазір міне Қазақ спорт және туризм академиясында жаттығу өткіземін.

- Қазір дзюдо спортында жүрсіз. Ауысуға не себеп болды?

- Иә, 2011  жылы осы спортқа бет бұра бастадым. 2015 жылға дейін қазақ  күресінен Алматының аға жаттықтырушысы болдым. Артынша дзюдоға ауыстым, себебі бұл Олимпиадалық спорт және де көп адамның қызығушылығы байқалады.

- Шәкірттеріңіз көп па?

- Қазір мен 5 дзюдошымен жұмыс жасаймын. Олар Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар, Ерасыл Сакенұлы, Қажымұкан Утеулиев пен Зарина Райфова. Әрине, олар Олимпиаданы ұтса деймін. Алда бізде ел, әлем, Азия чемпионаттары күтіп тұр. Қалай болатынын көре жатармыз. Біздің елде бәсекелестік жоғары, сондықтан алдымен іріктеулерден өтсек дейміз.

- Сіздің ойынызша Қазақстанда қай спорт түрлері жақсы дамыған?

- Қазақ күресі, дзюдо бізде жақсы дамып келеді. «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» сынды жарыстарға қарап, жастар көптеп келуде. Қазір осы екі спорт Қазақстанда бір деңгейде десем де болады. Мені жалпы жастардың  спортпен айналысып жатқандары қуантады.

- Еліміздің  қай қаласында дзюдо жақсы дамыған?

- Егер чемпионаттарды алатын болсақ Қарағанды, Жамбыл облыстары, Алматы, ОҚО, ШҚО, Атырау, Қызылорда, негізі барлық жерде жақсы деп те айтуға болады.

- Өзіңіз неше жастан бастап спортта жүрсіз?

- Мен ес білгелі қазақ күресімен айналыстым, себебі әкем осы спорттан бапкер болып істейді. Мен өзімШҚО, Көкпекті ауданында бастадым. Қазір осы спортты жалғастырып, жарақатыма байланысты ерте бапкер болдым. Енді өзім жетпеген жетістіктерге шәкірттерім жетсе деймін.

- Қандай жетістіктеріңіз бар?

- 2009-2015 жылдары аралығында Алматыдан қазақ күресінен 5 әлем чемпионын шығардым.

- Одан басқа спорт түрлері сізді қызықтырмады ма?

- Жоқ. Мен өзім осы спортта көптеген жетістікке жетсем деген мақсат болды. Оны тастап кетем деген де ой болмапты.

- Сіздің балаларыныз спортшы болғанын қалайсыз ба?

- Иә. Спорт арқылы сен жақын достар табасын, және де «дені саудың  – жаны сау демекші», денсаулыққа  да пайдалы.

- Жастарға қандай кеңес бере аласыз?

- Ең бастысы спортпен шұғылданыңдар. Ол қандай спорт болмасын, қатысқан жөн. Енді мен өзім палуан ретінде, күреске келіңдер деп айтар едім.