Әуезов ауданында тегін қазақ күресі үйірмесі ашылды

03.05.2018, Оқылғаны: 429

Алматыда №175-ші гимназия мектебінде қазақ күресінен тегін үйірме ашылды, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

Бұл зал «Almaty Qazaq Kuresi» спорт клубы мектептерде ашып жатқан залдардың  алтыншысы болып табылады. Осындай жаттығу орындары жақында № 174, 176, 198, 128 және 45-ші мектептерінде ашылды.

Залдың  ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясының өкілдері, сондай-ақ,  Қазақстан Қазақ күресі спорты федерациясының алғашқы президенті Ерғали Мұхиддинов, мектеп директоры Гаухар Манекеева мен спорт клубының басшысы Шалкар Алдабергенов қатысты.  

-Біз осындай үйірме біздің мектебімізде ашылып жатқанына қуаныштымыз. Осындай бастамаларды әрқашанда қолдап жүреміз. Енді біздің оқушылар алға ұмтылып, спортпен айналысады деп сенемін, - деді өз сөзінде Гаухар Манекеева.

Сонымен қатар, өз құттықтау сөзінде Ерғали Мұхиддинов алдағы уақытта Жақсылық Үшкемпіров секілді чемпиондар көп болсын деген тілек білдірді.

Салтанатты шара мен оқушылардың  әндері шырқалып болған соң, жас палуандар боз кілемде өз өнерлерін ортаға салды. Олар қазақ күресінің әдістерін оқушылар мен қонақтарға көрсетті.

Айта кетер жайт,  бұл үйірмелердің  басты мақсаты осы спорт түрін жастар арасында дамыту болып саналады. Жасы 6-дан асқан кез келген балалармен жасөспірімдер келіп тегін жаттығуға мүмкіндігі бар. Оларды білікті бапкер Ұлан Айнақұлов жаттықтырады.