Алматыда жүлде қоры 55 млн. теңге құрған бәйге жарысы өтті

03.05.2018, Оқылғаны: 320

Алматының ипподромында Қазақстанның әр аймағынан және Қырғызстаннан келген шабандоздар өзара мықтыны анықтады, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

Жарыс Мерхат Бұлғыновтың 60-жасына және Астананың  20 жылдығына арналып, 150-ден астам спортшылардың  қатысуымен өткізілді. Спорттық шарада автокөліктер мен ақшалай және бағалы сыйлықтар ойнатылды.

Бәйгенің ашылу салтанаты Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев, Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуков және Мерхат Бұлғыновтын құттықтау және алғыс сөздерімен басталды.  

- Құрметті қалайық, сіздерді халықтар бірлігі мерекесімен құттықтаймын! Оның үстіне ұлттық құндылықты, ұлттық кодымызды, болмысымызды көрсететін атшабарда үлкен жарыстың  куәсі болайық деп отырмыз. Біздің Мерхат ағамыз 60 жасқа толып, ел ағасы болып отырғанда осындай іс-шараны ұйымдастырып, елдің батасын және ризашылығын алу және осы тойды ипподромда өткізу қуантады! Барлықтарыңыздың бәйгеге қосып жатқан аттарыңыз бәйгелі болсын! Жалпы біз Алматы қаласындағы осы ипподромның және ұлттық спорттың көркеюіне үлес қосып жатқан азаматтарға алғысымызды айтамыз, - деді Әбіл Дөңбаев.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін қонақтар ұлттық ойындарды - аударыспақ, теңге ілу, қыз қууды тамашалап, қызықты жарыстардың  куәсі болды.

Жарыс қорытындысы  бойынша тай жарыстан (5 км) бірінші орынды «Қарақұс» деген сәйгүлік иесі Айсұлтан Серіков жеңіп алды. Жорға бәйгеде (7 км) кубоктың  иесі болып «Фаейр» атымен Жанат Тұрсын атанды. 15 шақырымдық топ бәйгеде  алға озған «Мұрагер» Хасан Хасынбаев болса, құнан бәйгені  (8 км) «Ханзада» сәйгүлігімен Рүстем Досжанов ұтып алды. Ал, ең ұзақ шықырымдық аламан бәйгеде (21 км) озып шыққан  «Қаракөз» деп аталатын Артығали Мирасовтың аты болды.

Айта кетер жайт, тай жарысы, құнан бәйге, топ бәйге жеңімпаздары Lada Priora автокөлігімен, ал, аламан бәйгенің жеңімпазы – Нивамен марапатталды. Жорға бәйгеде бірінші орын алған қатысушы 1 млн.теңгеге ие болды. Екінші, үшінші, төртінші және бесінші орын алғандар тұрмыстық техникалармен марапатталды. Осылайша жарыстың жалпы жүлде қоры  55 млн. теңгені құрады.