Алматы жаңа көкпар командасы құрылды

05.05.2018, Оқылғаны: 596

Биыл Алматы әкімдігінің қолдауымен  алып шаһарда жаңа көкпар командасы құрылды, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

Команданың алғашқы ойыны  мамырдың 7-і  күні Алматы ипподромында  ұлттық спорт түрлерінен өтетін «Ұлы дала ойындары» фестивалінде өтеді.  

 Бүгінгі күні,  көкпаршылар фестивальге қалалық ипподромда қызу дайындалып, бірінші орыннан да дәмелі екендігін жеткізді.

- Біз күніне екі уақыт дайындалып жатырмыз.  Таңертең  жаттығу залында, және түстен кейін аттармен. Осы турнирді ұтып, Алматының атын шығаруымыз керек. Ол біздің басты мақсатымыз. Әрине, ОҚО, Маңғыстау облыстарынан келетін қарсыластарымыз оңайға соқпасы анық, біз оларға сәттілік, ал, өзімізге жеңіс тілейміз, - дейді команда капитаны Түймебек Жұмалиев.

Оның айтуынша осы күні тек негізгі құрамадан бөлек өз бақтарын жастар командасының ойыншылары да сынайтын болады. Бұл жарыс  олар үшін үлкен тәжірибе.  Қазір қаланың бас құрамасында әр түрлі жастағы, тәжірибесі мол, көптеген жүлделері бар 12 спортшы жаттығады. Сонымен қатар,  алматылық ұжымда жасы 18-ге толмаған жастар мен жасөспірім құрамалары да бар.

Олардын алдында бір мақсат – барлық турнирлерде жеңімпаз атану. «Ұлы дала ойындары» фестивалінен  кейін олар  маусымның 27-і күні Астанада   өтетін ел чемпионатында  қала намысын қорғайды.