«Ұлы дала ойындары» қатысушылары 18 млн. теңгені сарапқа салды

07.05.2018, Оқылғаны: 502

Алматыда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында жыл сайын өтетін ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы дала ойындары» республикалық фестивалі өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.  

Биылғы жылы бұл фестивалдің жалпы жүлде қоры 18 млн. теңгені құрады. Жарыс Алматының ипподромында еліміздің әр облысынан келген спортшылардың қатысуымен өткізілді.  

Шабандоздар ат жарысы, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлері мен ойындарынан сынға түсті.  

Фестивалдің ашылу  салтанатында ат спорты федерациясының өкілдері мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев қатысты.  

-Алматы қаласында жыл сайын 3000-нан астам түрлі дәрежедегі спорттық шаралар өтеді.Оның ішінде шоқтығы биіктердің бірі бүгінгі "Ұлы дала ойындары". Ол арнайы отан корғаушы күні мерекесінде ұйымдастырылып отыр. Ертең өздерініз білетіндей, алғашқы рет қаламызда белдесуден "Халық Барысы" ашық республикалық турнирі өтеді. Бүгінгі күннің өзінде оған 1000-нан астам палуан тіркелді. Сондай рухты қайрайтын, намысымызды шындайтын, яғни ат спорты түрлерінен және де басқа спорт түрлері де бола берсін, рухымыз әрдайым биік болсын! – деді өз сөзінде Арман Қырықбаев.  

Салтанатты шара барысында фестиваль қонақтары бишілер, әншілер және каскадерлардың өнеріне куә болып, артынша өнер бұйымдары көрмесін тамашалап, саятшылардың құстарымен, аңшылыққа шығатын тазы иттермен таныс болды. Сонымен қатар, кез келген келуші қонақтар тоғызқұмалақ, асық ату ойнап, қошқар көтеру мен бағанаға шығудан сайысқа түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.  

Сондай-ақ, шабандоздар және палуандардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медал және ақшалай сылйықтармен марапатталады. Жарыс қорытындысы бойынша, аударыспақтан өз салмақтарында Азат Джумадилов (60 кг), Дәулет Ережепбаев (70 кг), Мейірбек Ілембай (80 кг), Түймебек Жұмалиев (+90 кг) жеңімпаз атанды. Қыз қуу ойынында уақыт бойынша жеңген Марлен Қанат пен Рамина Дидар жұбы болса, теңге ілуден Ернат Мәлімбай үздік атанды. Жамбы атудан мергендік танытқан Саян Қыстаубаев болды.  

Бәйгелер жарысында жүйріктердің қатарында үздік болғандар: ұшқыр бәйге (1000 м) жеңімпазы «Мандарин» аты, иесі Әміркұлов. Аламан бәйге (21 км) ұтып алған «Аманат» - иесі Ұлан Омаров, жорға бәйгеде (7 км) бірінші келген «Көкжайлау» - Тұрсын Сабазбеков, ал, құнан бәйгеде (9 км) «Болашақ» - Дінмұхамет Асқарұлы.  

Бұл жарыста көкпар ойыны да қонақтардың қызығушылықтарын оятты. Тартысты додада жаңадан құрылған Алматы қаласы құрамасын қосқанда төрт команда қатысып, алматылықтар жеңімпаз атанды. Олар Астана қаласын финалдық ойында 3:0 есебімен ұтты. Үшінші орынға Жамбыл облысының көкпаршылары жайғасты.  

- Көкпар – қиын, тартысты әрі қызықты ойын. Барлығы жақсы өтті. Біз бір ай дайындалып, бірінші орын алуға тырыстық. Мақсатымызға жетіп, өзімізге ризамыз. Енді ел чемпионатын ұтсақ дейміз, - деп Алматы құрамасының ойыншысы Асқар Оңғарбаев өз ойымен бөлісті.  

Айта кетер жайт, «Ұлы дала ойындары» республикалық фестивалі «Спорттық Алматы» жобасы аясында Ұлттық ат спорты федерациясының көмегімен үшінші жыл ұйымдастырылды.   Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медалдар және ақшалай сыйлықтарға ие болды. Ең жоғары сыйлық – 5 млн.теңге аламан бәйге жеңімпазына бұйырды.