Омархан Есімхан: Көкпар - құмар ойын

10.05.2018, Оқылғаны: 169

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы “Алматының 100 спорт есімі” айдарының қонағы Алматы қаласының көкпаршысы Омархан Есімхан.   Көптеген жүлделерге ие болған 24-жасар спортшы жаңадан құрылған Алматы көкпар клубына келгені, өз мансабы жайлы Ақпараттық және спорттық ХАБ тілшісіне айтып берді.  

- Осы спортты 2011 жылы кәсіби түрде бастадым. Негізі өзім көкпарда 14 жасымнан жүрмін. Алдымен өзімнің бағымды ОҚО-Төле би ауданындағы жасөспірім командасында сынадым, артынша ОҚО жастар, ересектер құрамасына кірдім. Осы жерде жүріп көптеген жүлделерге ие болдым.  

- Көкпарға қызығушылық қалай пайда болды?  

-Ол біздің қанымызда бар нәрсе. Осы спортқа алдымен атам, содан кейін әкем қатысты. Міне атадан балаға мирас болып келе жатқан ойын десе де болады. Атқа бала кезден қызығамын. Бәрі осы кісілердің арқасы.  

- Алматы командасына қалай келдіңіз?  

- Биыл Алматыда жаңадан көкпар клубы құрылып, мен соған шақырту алдым. Міне жақында құрамаға қосылып, дайындалудамын. Командадағы ойыншыларды мен көптен бері танимын. Олар негізгі құрамдағы 12 ойыншы - жаң-жақтан жиналған спорт шеберлері. Барлық жағдай жасалған. Алдымзда мақсат біреу ғана – Алматының атын шығару.  

- Қай өңірлерде осы спорт түрі жақсы дамыған?  

- Бұл спорт жастар арасында жақсы дамып келеді. Әсіресе ОҚО жақта, Әулие-Ата (Тараз) мен Шымкенттің ойыншылары жақсы нәтижелер көрсетуде. Сонымен қатар, Қарағанды, Маңғыстау, Алматы облыстарында атап өтсем артық болмайды. Енді міне Алматы қаласыда қосылды. Қазір бұрынғыдай емес, осал команда деген жоқ. Барлығы мықты.  

- Бұл спорттың ерекшелігі қандай, несімен қызықтырады?  

 - Маған бұл спорт түрі өте ұнайды, несімен қызықты екендігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оның қызықтығы соншама, тіпті, аяғын шығып, жарақат алып жатсаң да, көкпар болады десе тұрып, ойнап кетуге дейынбыз. Ол сондай құмар ойын.Бұл ойында ойыншының жылқысы да өте маңызды рөлді атқарады. Мысалы оны арнайы баптау керек, аттың басы қайын болу керек, яғни жұмсақ. Ол адамды тыңдап, тоқтатса тоқтап, шапса шабу керек. Өзіміз соған қарап, күнделікті мінеміз, үйретеміз, қасында жүреміз. Әркімнің өз тұлпары бар.  

- Неше жастан бастауға болады?  

- Бұл ойынға 15 жастан бастап қатысады. 30, 50 жасында енді келіп жататындар бар. Негізі ойыншылардың жасы 20 мен 50 жастың арасы. Орташа алатын болсақ - 35 жас.  

- Өз балаларыңызды осы спортқа беретін ба едіңіз?  

- Қызығып жатса, әрине. Бұл атадан қалған мұра.  

- Басқа спорт түрлерімен қызығасыз ба?  

- Иә. Бос кезімізде футбол ойнаймыз.  

- Аладғы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?  

- Мен осы спортты ары қарай жалғастыра берем деген ойдамын. Маусымның 27-сі күні Астанада ел чемпионаты болады, соған қызу дайындалудамыз. Жақында «Ұлы дала ойындары» фестивалінде өнер көрсетіп, бірінші орынға ие болдық. Қуаныштымыз.  

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық спорт дамып келе жатыр дегенге келісесіз бе?  

- Иә. Қазір ұлттық спорт дамып келеді. Клубтар ашылып, жарыстар көбейіп келеді. Азия ойындары, әлем чемпионаттары өткізіледі.  

- Жастарға қандай кеңес бере аласыз?  

- Ең бастысы денсаулық. Аттың үстінде жүрген адамның денсаулығы мықты болады. Көкпарға қызығып жатса, осы спортқа келсін. Оның үстіне көкпардың келешегі мол. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Өзім байқадым, қазір тек ауылдың емес, қаланың да балалары келіп қатысып жатады. Осы жайт өте қуантады.