Алматыда Алатау қазақ күресі Федерациясының жиналысы өтті

23.05.2018, Оқылғаны: 407

Бүгін Қазақтың спорт және туризм академиясында Алатау қазақ күресі Федерациясының жиналысы өтті, деп xабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Федерацияның вице-президенті Мақсат Қиқимов бастаған жиналыста бапкерлер және спортшылар осы спорт түріне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Олар соңғы екі жылдың нәтижелерін атап, қорытындылады. Сонымен қатар, Алатау Федерациясының жаңа мүшелері тағайындалды. Онымен бірге, алдағы уақыттағы қазақ күресінің даму жолдары қарастырылды.

Атап өтсек, Болатбек Ибрагимов Алматы қаласының қазақ күресінен Алатау Федерация басшысының төрағасы болып тағайындалды.

- Бүгінде қазақ күресімен шұғылданатын балалардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда, қалада 2000-нан аса бала жаттығады. Олардың 255-сі кәсіби спортшылар. Қаламызда қазақ күресінен қалалық және xалықаралық жарыстар өткізіледі. Осы жылы алғаш Федерация президенті Бауыржан Байбектің қолдауымен белдесуден Халық Барысы да ұйымдастырылды. Барлық жаттығатын жасөспірімдер толықтай керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген, - депАлматы қаласының аға жаттықтырушысы Болатбек Ибрагимов атап өтті.

Сонымен қатар, бүгінгі жиналыста Федерацияны басқару мүшелері тағайындалды. Олардың қатарына Ерғали Мұxитдинов, Шалқар Алдабергенов, Дулат Қасымов, Ғани Келдіқұлов, Орынбасар Құдайбкргенов, Алия Смакова, Руслан Абдразақов, Аманжол Калиакпаров кірді. 

Еске сала кетсек, Алматының сегіз ауданындақазақ күресінен үйірмелері ашылды. Онда 10-17 жас аралығындағы 800-ден астам балалар шұғылданады.