Алматыда «Спорт менің ауламда» жобасының аясында ұлттық спорт түрлерінен семинар өтті

28.05.2018, Оқылғаны: 731

Бүгін Алматылық көп бейінді колледжде «Спорт менің ауламда» әлеуметтік бағдарламасының аясында асық ату және тоғызқұмалақ ұлттық спорт түрлерінен нұсқаушыларға арналған семинар өтті, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Семинарға асық ату республикалық Федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржанов, Қазақстан Республикасының тоғызқұмалақтан төрешілер Дирекциясының директоры Мейрамқұл Ноғайбаев және Алматы қаласының тоғызқұмалақ Федерациясының вице-президенті Алимжан Қыдырбаев қатысып, жаттықтырушыларға дәріс берді. Олар қатысушыларға «Спорт менің ауламда» бағдарламасына ұлттық спорт түрлерін ендіруге бағытталған жұмыстар туралы айтып өтті. Сонымен қатар, асық ату мен тоғызқұмалақ ойындарының ережелерімен таныстырды.

- Біз мәдени құндылықтарды, атадан балаға мирас болған ұлттық спорт түрлерін ұлықтап, насихаттауымыз керек. Негізінде, асық атудың да түрлері көп. Бірақ, ел арасында танылғаны, әрі жеңілі бестабан. Дәстүр бойынша ата-аналарымыз асықтарды ырым қылып жинаған. Сондықтан, асық ату қолжетімді ұлттық ойын. Біз бұл спорт түрін тек республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде де дамыту керекпіз. Онымен қоса, асық ату ЮНЕСКО мәдени мұра тізіміне кіріп, Ұлттық Олимпиада комитетімен мақұлданған спорт түрі, - деп бөлісті Жомарт Сабыржанов.

Семинардың басты мақсаты тоғызқұмалақ, асық ату, сондай-ақ, басқа да ұлттық спорт түрлерін «Спорт менің ауламда» жобасының қатысушылары арасында насихаттап, дәріптеу. Енді бұл спорт түрлері күнделікті бағдарламаға енгізетін болады.

- Осы жылы біздің клуб «Спорт менің ауламда» бағдарламасымен тығыз жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар, бұл жоба аясында аула алаңдары 2018 жылы екі еселеніп, 150-ге жетті. Біз алаңдарда балалар мен жасөспірімдерді ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырамыз. Алдағы уақытта, түрлі жарыстар, қала чемпионаттарын өткіземіз. Мұндай шаралар олардың жеңіске деген ынталарын арттырады деген ойдамын, - деп ұлттық спорт түрлері клубының директоры Нұрғиса Нұрғалиев бөлісті.

Айта кетер жайт, семинардың соңында жаттықтырушылар мен нұсқаушыларға Федерация атынан асық атудан сертификаттар табысталды.