Ерлан Сартаев: Адамдар менің еңбегімді бағалап, қолдағанша, қызметімді жалғастырамын

30.05.2018, Оқылғаны: 136
Ерлан Сартаев бүкіл өмірін спортқа, жас спортшылардың тәрбиесіне арнаған, бүгінде, ол «Аула командалары арасындағы футбол лигасы» жобасы авторларының бірі, спорттық шаралардың ұйымдастырушысы болып қызмет атқарады. Сонымен қатар, спорттың дамуына, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыпастыруда қажымай еңбек етіп келеді. Жақында, ақпараттық және спорттық ХАБ-тың тілшісі Ерлан Сартаевпен оның өмір жолы, жетістіктері мен жалпы спорттың дамуы туралы әңгімелесті.

- Ерлан мырза, спортқа қалай келдіңіз?

9 жасымда футбол үйірмесіне жазылдым. Ол кезде ауылда тұратынбыз. Футбол командасын жарысқа алып барады дегенді естіп, жазылуға бел будым. Басқа спорт түрлерімен айналысатынмын, бірақ футбол менің сүйікті спорт түрім.

- Әрі қарай не болды, сол жарысқа бардыңыз ба?

Ия, содан кейін басқа да жарыстарға қатыстым. Футболмен қатар, басқа спорт түрлерінен де жақсы нәтижелерім бар. 1987 жылы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанғанбыз.

- Ал бапкерлік мансабыңыз қалай басталған еді?

Мен дене шынықтыру институтына түстім, кейіннен қазақтың спорт және туризм академиясына оқуға түстім. Қала гимназияларының бірінде дене шынықтыру мұғалімі болып бастадым. 2012 жылы үздік мұғалім атағын да алдым. Кейіннен,  қысқы Азияда және Универсиада ойындарында жұмыс істедім.Студенттік ойындарының   алауы эстафетасының сәтті өтуіне бар күшімді салдым деп айтуға болады.

- Қазіргі таңда немен айналысасыз?

Мен «Спорттық Алматы» жобасы іске қосылғаннан бері ұйымдастырушы ретінде жұмыс  жасаймын.  Сонымен қатар, «Аула командалары арасындағы футбол лигасы» жобасы авторларының бірімін. Бұл жоба үш жыл бойы сәтті өткізілуде. Үш жыл бұрын тек төрт команда жиналса, бүгінде, 100-ден аса  команда, 1000-нан аса балалар мен ересектер жиналады. Бұл турнир 7 жастағы жеткіншектер  мен 60 жастағы ардагерлердің басын қосады. Барлығына ұнайды. Біз жыл сайын қателіктерді ескере отырып, одан да сапалы жобаны ұйымдастыруға тырысамыз. Адамдар менің еңбегімді бағалап, қолдағанша, жұмысымды жалғастырамын.

- Сіз өз жұмысыңызға үлкен жауапкершілікпен қарайсыз, осы турнирлерді ұйымдастыруда сізді не ынталандырады?

Бұл жерде барлық мақсаттар орындалады. Жастардың еліктейтін футболшылары бар, олар солардың соққылары мен әдістерін осы алаңдарда қайталап, жақсы нәтижелер көрсетеді. Біз жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Олимпиада  жеңімпаздары сияқты  марапаттаймыз. Бұл өте маңызды, өйткені балалардың жеңіске деген ынталары артып, бұдан да жоғары жетістіктерді бағындыруға құлшыныс пайда болады. 

- Бұл жобамен қатар, сіз балаларды жаттықтырасыз, сол туралы айтып берсеңіз?

Мен алматылық «Бейбарыс СТС» командасын, 7-12 жастағы балаларды жаттықтырамын. Жалпы, әр спортшыға көңіл бөліп, оның жеке футболшы ретінде өскенін қалаймын. Мен жақсы психолог маманы да болар едім, білімім бар, бірақ футбол менің сүйікті, өмірлік кәсібім.