Наталья Якуба: әр спортшы тек спортта ғана емес, өмірде де көшбасшы

06.06.2018, Оқылғаны: 23
Жақында Алматыда гандболдан XXVI Қазақстан чемпионаты өтті. Ел біріншілігінің  қола жүлдесі  «Алматы» гандбол клубына бұйырды. Осыған орай, ақпараттық және спорттық ХАБ тілшісі алматылық клубтың капитаны Наталья Якубамен өмірлік жолы, спорт және «Қайсар» командасы туралы сөз қозғады.

- Наталья, спортқа қалай келдіңіз? Гандболмен қанша жастан бастап айналысасыз?

11 жасымда бапкерлер мектепке келіп, бойы ұзын балаларды гандбол командасына іріктеп, мені шақырған болатын. Ол кезде Павлодарда тұратынмын. Сөйтіп, 11 жасымнан гандболмен шұғылдана бастадым. Ал 15 жасымда біздің құрама команданың бапкері Лев Николаевич дарынды ойыншыларды Алматыға алып кетті. Мен 10-11 сыныптарды алматылық спорт мектебінде бітірдім. Осылайша, «Алматы» клубында ойнай бастадым.

- Кішкентай кезіңізде үлкен қалаға жалғыз көшкеніңізге өкінбейсіз бе? Туған қалаңызды сағынасыз ба?

Әрине, сағынамын. Менің ата-анам әлі де сонда тұрады. Бос уақыт, демалыс кезінде  Павлодарға барып тұрамын. Жоқ осында келгеніме өкінбеймін. Сол кездегі дұрыс шешім, қазіргі жетістіктердің жемісі десек те болады.

- Неге гандболды таңдадыңыз? Бұл сіздің шешіміңіз ба еді?

Мен бимен де, мәнерлеп сырғанаумен де айналысуға тырысқанмын. Бірақ, соңында гандболды таңдадым. Әрине, жас кезімде спортқа бармай, қыдырғым келетін, алайда, бапкерлер мен ата-анам рұқсат бермей, дұрыс жолға салды.

- Біз білуімізше, сіздің отбасыңыз, кішкентай қызыңыз бар. Ана бола тұра кәсіпқой спорт пен отбасыны қатар алып жүру қиын емес пе? Сіз қалай барлығын үлгересіз?

Жоқ, қиын емес. Менің күйеуім спортшы, боксышы болған. Мені түсінеді, қолдайды. Ал қызым 8 айдан менің жанымда, жарыстарға да, барлық жерде өзіммен бірге алып жүремін. Тіпті, біздің команданың талисманы да болып кетті.

- Осы жылға жоспарларыңыз қандай?

Әзірге мүмкіндік пен денсаулық бар болғанша, ойнауды жалғастырамын. Меніңше, келесі жылы біз чемпион атануымыз керек. Осы жылы қателіктер болды. Шынымды айтсам, Астанамен өткен алғашқы екі ойынды еске түсіргім де келмейді. Басқа командаларға қарағанда, мәселен, сол Астанадан гөрі біздің деңгейіміз біршама жоғары деп есептеймін. Енді, біз демалысқа шығамыз, кейін қыркүйекте өтетін чемпионатқа дайындаламыз.

- «Қайсар» қаншама жыл қатарынан чемпионаттың жеңімпазы атанып келеді, сіздің ойыңызша, олардың табысының сыры неде?

Менің ойымша, біз финалда болған жоқпыз, сондықтан да олар ұтты. Оларға Астананы жеңу оңайға соқты. Біз финалға өткенде, барлығы басқаша болар еді. Сонымен қатар, біздің командада тек өзіміздің спортшылар ойнайды. Ал «Қайсар» командасында әр чемпионатқа кем дегенде екі легионер қатысады.

- Сіздің ойыңызша, ойын нәтижесі командалық ойынға ма әлде бапкер мен капитанға байланысты ма? Бұл жерде, капитанның рөлі қандай?

Капитан – команда мен бапкер арасындағы байланыстырушы. Капитан керек кезде мәліметті бапкерден командаға немесе керісінше жеткізу керек. Сондай-ақ, ойын кезінде капитан ойыншыларды дұрыс бағыттап, қолдау керек. Бірақ, ойын нәтижесі командаға байланысты болады.

- Қорытындылай келе, маңызды ойын алдында қалай дайындаласыз? Командаға айтар кеңестеріңіз қандай?

Біз тек жеңіске жету үшін ойнаймыз. Әр спортшы – көшбасшы, тек спортта ғана емес, өмірде де. Жарыс алдында қобалжу әрқашан болады. Бұл дұрыс та шығар деп ойлаймын. Өз қарсыласыңды құрметтеу керек, сол кезде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады!