Алматылық  жасөсіпрімдер Қазақстан чемпионатының U-13 жазғы маусымында жеңімпаз атанды  

11.06.2018, Оқылғаны: 181
Щучинск қаласында баскетболдан 2005-ші жылғы ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан чемпионатының жазғы маусымы аяқталды.

Алматы командасы бұл жарыста басты фавориттердің бірі болды. Топтық кезеңде олар Алматы, Батыс және Қостанай облыстарымен кездесті.  Бірінші болып алматылықтарға қарсы Алматы облысы шығып 17:63 есебімен есе жіберген болатын. Келесі ойында Қостанай облысы да олардан айласын асыралмады. Алматы облысына қарағанда басымдырақ көрінген қостанайлықтар 38:66 есебімен ұтылды.

Батыс Қазақстан облысы топтық кезеңде алматылықтардың соңғы қарсыласы болды. Бұл кездесу 69:33-пен алматылықтардын пайдасына шешіліп, осылайша олар «А» тобын бірінші орынмен аяқтады.

Келесі айналымда өз топтарында 1 мен 2-ші орын алған ұжымдар жүлделі орындар үшін таласқа түсті. Ақтөбе облысы (Б тобында екінші орын) алматылықтарға қарсы ойнады, бірақ 61:22 есебімен қарсыластарына жол беріп қойды. А тобында екінші орын иеленген – БҚО командасы тағы бір мәрте алматылықтарға қарсы шығып, ірі есеппен ұтылды – 24:66. Турнирдің соңғы матчы - финалда Алматы құрамасы Атыраумен жолықты. Оларда осы шешуші ойынға дейін жеңіліссіз келген болатын, алайда Алматы жастары белсенділік танытып 72:53 есебімен ұтты. Осылайша олар чемпиондық титулға ие болды.

Айта кету керек, турнирдің үздік ойыншыларының бірі болып Алматы командасының баскетболшысы Данил Марголин атанды.