Олег Севергин: Осы маусымға қойылған барлық тапсырмаларды орындадық!

13.06.2018, Оқылғаны: 151
"Алматы" баскетбол клубының директоры Олег Александрович Севергин өткен маусымның нәтижелерін қорытындылап, Алматыда баскетболдың дамуы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

- “Алматылық Легион” Жоғары лигада жақсы өнер көрсетті. Баскетболшылардың нәтижелерін қалай бағалайсыз?

- Ең бастысы – бапкерлердің шеберлігі және спортшылар еңбегінің арқасында ойыншылар жеке баскетболшы ретінде әрі команда ретінде жақсы нәтиже көрсетіп, өсті. Осы маусымда ауыр жарақаттар болған жоқ. Әр ойынға баскетболшылар физикалық және психологиялық жағынан сергек, жақсы көңіл-күймен шықты. Ұлттық лигада қарсыластарымыздың деңгейі жоғары болғанымен, біз кішкентай ғана ұпай айырмасымен жеңілдік, ал Жоғары лигада 25 ойын өткізіп, бір ғана жеңіліс таптық. Осылайша, клуб тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атандық. Тағы бір қуантарлық жайт, осыншама қазақстандық баскетбол командаларының ішінде «Алматылық Легион» ең жас (орта жас 19.5 ), тек қазақстандық ойыншылардан құралған. Соңғы үш жыл ішінде біз жұмыс істеп келетін клубтың негізгі ойыншыларын жарқын болашақ күтуде, өйткені олар өздерін кәсіпқой спортшы атағына лайық екендерін дәлелдеді.

- Бас бапкер Олег Киселев туралы не айтасыз, “Легион” – Киселев жақсы үйлескен тандемді жалғастырасыз ба?

- Бұл біздің бірге жұмыс істеген алғашқы маусымымыз, мен Олег Валерьевичтің кәсіби біліктілігі мен адал еңбегін жоғары бағалаймын. Команданың алғаш рет чемпион атанғаны да бапкерлік жұмыстың керемет атқарылғанын білдіреді. Олег Валерьевич және оның көмекшісі Евгений Петрович команданы керемет дайындап, ұжым ішінде жақсы қарым-қатынас орнатып, дұрыс бағыттады. Бұл кез келген командада өте маңызды деп ойлаймын. 2018 – 2019 жж. ҚР ұлттық лигаға «Алматылық Легион»қатысатын болса, Олег Валерьевичпен келесі маусымда бірге жұмыс істейміз, келісім бар.

- Соңғы уақытта, Алматы балалар құрамасы ел біріншіліктерінде жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл неге байланысты, клуб осы үдерісті қалай дамытатын болады?

- Өткен жылы Алматы құрама командалары 9-15жастағы жасөспірімдер арасындасегіз ҚР чемпионатына қатысып, барлығын жеңіспен аяқтады!!!Осы жылы біз бес ел біріншілігіне қатысып, екіалтын (2002 және 2005 жж.), екі қола жүлделерін (2003 пен 2004 жж.) иелендік. 2006 жылғы жас санатында жүлдегерлер қатарына іліне алмадық. Қазақстанның ешбір аймағы мұндай нәтижені балалар командалары арасында көрсете алмайтынына сенімдімін. Менің ойымша, бұл спорт Басқармасы, клуб және балалар бапкерлерінің соңғы төрт жылдағы еңбегінің жемісі. Біз қыркүйек пен маусым аралығында 5 жас санатында қала чемпионаттарын өткіземіз. Қалада он кәсіби бапкер жұмыс істейді, оның алтысы клуб құрамында. Әр жас санатында 7-10 команда қатысады. Мұндай жарыстар спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бізге қиын жағдайда қолдау көрсететін споршылардың ата-аналарына да шексіз алғысымды білдіремін. Айта кетер жайт, 2018 жылдың 1-15 маусым аралығында біз 8-14 жас аралығындағы балаларға арналған жазғы баскетболдық лагерь (кемп) ұйымдастырамыз. Онда кәсіби бапкерлер жеткіншектерді екі апта ішінде күніне екі рет жаттықтырады. Бұл балаларға жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске деген құлшынысын арттырары сөзсіз.

- Балалар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты Алматыда жиі ұйымдастырылатын болды. Осындай  біріншіліктерді  жүйелі түрде ұйымдастыру жоспарда бар ма?

- Үлкен үзілістен кейін біз алғаш рет балалар арасында баскетбол лигасын өткен жылы маусым айында өткіздік. Мұндай шараларға 20-дан астам команда қатысады, сондықтан екі ойын залдары қажет. Ал басты мәселелердің бірі оқу кезінде залдарды табу өте қиын. Қазіргі таңда, қалада балалар арасында жарыстарды ұйымдастыру үшін ҚазҰУ, спорт және туризм академиясы, сондай-ақ, К. Ахметов атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернет-колледждерімен тығыз жұмыс жасаймыз. Осы оқу орындарының басшыларына қолдау көрсеткені үшін алғысымыз шексіз. Осы жылы біз 2002, 2003 және 2004 жылдары туылған жеткіншектер арасында үш ҚР чемпионатын өткізудеміз. Алдағы уақытта, Алматы қаласында баскетболды дамыту мақсатында олардың санын көбейтуді жоспарлаудамыз.

- Балалар арасындағы баскетболды айтатын болсақ, Алматы және Астана қаласында өткізілген jr.NBA жобасын ұмытпау керек. Жалпы жобаға және алматылық командалардың нәтижелеріне қандай баға бересіз?

- Қазақстанда баскетболды дамытуға бағытталған бұл жоба өте маңызды, ұйымдастыру жағынан да жоғары деңгейде. Осы жоба аясында НБА жұлдыздарының қатысуымен шеберлік сабақтары, турнирлердің салтанатты ашылу және жабылу рәсімдері, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау өткізіледі. Біздің клуб ҚР ҰБФ филиалымен бірлесе отырып, алып шаһарда осындай шараларды ұйымдастыруға ат салысады. Бастапқыда 30 ұлдар мен қыздар командаларын жинау қиын болатын. Өйткені, мұндай жарыс соңғы бес жылда өткізілмеген. Уақыт келе, турнирге деген қызығушылық өсті, ата-аналар мен жанкүйерлер келе бастады, ал финалдық ойындарда Алматыда, «АШЖА» спорт залында бос орын болған жоқ. Тіпті, турнир аяқталған соң, барлығы келесі жылы өткізіледі ме, жыл сайын өтеді ме деген сұрақтарды қоя бастады. Ең бастысы, осындай баскетбол жарыстарынан кейін балалар, ата-аналар, функционерлер және демеушілер тарапынан осы спорт түріне деген қызығушылық артты. Бұл жетістік ҚР студенттік лигасы, 3х3 баскетбол жобаларына да қатысты. Бұл турнирлердің шешуші ойындары Алматыда өткізіліп, мыңдаған балалар, ата-аналар және жанкүйерлердің басын қосты.

- Қорытындылай келе, соңғы жылдары елімізде әсіресе, Алматады баскетболдың даму үдерісі қарқынды екенін аңғаруға болады. Сіз осымен келісесіз бе?

- Барлық спорт түрлері бұқаралық және кәсіпқой болып бөлінеді, баскетбол да солардың қатарында. ҚР Ұлттық баскетбол Федерациясы бұқаралық баскетболдың дамуына көп көңіл бөледі. Бұған дәлел, жоғарыда аталып өткен шаралар, баскетбол жарыстары бола алады. Бұл дұрыс, өйткені, ерте ме, кеш пе, бұқаралық баскетбол кесіби деңгейде өз нәтижелерін береді. Бірақ, менің ойымша, бүгінде, кәсіби баскетболды, клубтарды қолдап, кәсіпқой баскетболшылар арасындағы ел біріншіліктерін жоғарғы деңгейге көтеру қажет. Сонда, біз бос трибуналармен және демеушілердің қызығуынсыз қалмаймыз. Кәсіби баскетбол Қазақстанның он бір аймағында дамытылып келеді, барлық жерде мамандардың өз дәстүрлері, жарыстарды өткізу туралы өз түсініктері бар. Бірақ, ҚР ҰБФ әр аймақтың мәселелерін тыңдап, оларды шешуге көмектесу керек. Әр аймақта мықты кәсіби баскетбол клубы болса, ҚР ҰБФ-тың жеке жұмысына қарағанда, бұқаралық және кәсіби баскетбол екі есе тез дами түседі. Ал оңтүстік астанадағы баскетболға келетін болсақ, клуб «2016-2020 жж.Алматы қаласында баскетболды дамыту» бағдарламасына сәйкес жұмысын жалғастырады.

Сөз соңында, осы маусымда бізбен бірге болып, қолдау көрсеткен адамдарға, жеңістеріміз бен жеңілістерімізге ортақ болғанжанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Барлығымыз бірлесе отырып, қазақстандық және алматылық баскетбол деңгейін біршама көтердік деген ойдамын. Келесі маусымда кездескенше!