Ильяс Жұмай қошқар көтеруден рекорд орнатты

15.06.2018, Оқылғаны: 954
Алматыда қаладағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Асыл мұра» бағдарламасының жаңа маусымы басталды, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.
 

Бүгін, «Ораза айт» мерекесінің бірінші күні жиналған 3000-нан астам орталық мешіт жамағаты осы бағдарламаның ашылу салтанатына қатысты.  
 
Олар концерттік бағдарлама және акробаттардың өнерін тамашалап қана қоймай, қошқар көтеру, асық ату, бағанаға шығу, арқан тарту, гір көтеру спорт түрлерінен өз күштерін сынап, бағалы сыйлықтарға ие болды.
 
Осы жарыстарға қатысушылар жігерлік танытып, әсіресе қошқар көтеруге әуес болды. Барлығы 3 қошқар ойнатылып, соның бірін еркін күрес палуаны, ұлттык құраманың мүшесі Ильяс Жұмай ұтып алды. Ол 40 кг салмақты қошқарды 205 рет көтеріп осы жерде рекорд орнатты.
 
- Осындай жарысқа бірінші рет қатысып отырмын.Жеңгеніме  қуаныштымын. Одан да көп көтеруге күшім жетер еді, бірақ барлығы бірауыздан жеңісті маған бергендіктен жалғастырудың  мәні болмады.  Өзім еркін күреспен 8 жастан бері айналысып келемін.  Сондықтан болар, ауыр болмады, - деп Иляс Жұмай өз ойымен бөлісті.
 
Айта кетейік, сондай-ақ, мешітке келушілерге арнайы айт мейрамының мерекелік дастарханы жайылды.
 
Ертең, маусымның 16-ы күні осы бағдарлама аясында мешітке келуші жамағаттар арасында футбол  лигасы  басталады. Almaty Arena стадионында өтетін ойындарға барша Алатау ауданы мешіттерінің жамағаттары қатыса алады. Басталуы сағат 09:00-де.
 
Осы жолы лиганың жалпы жүлде қоры 1 млн. теңгені құрайды. Қатысу тегін.
 
Сонымен қатар, осы күні футболдан бөлек барша көрермендерге арналған тамақтану және белсенділік пунктары да қызмет атқарады. Олар  леңгі  тебу, бамперболдан өз бақтарын сынауға мүмкіндік алады.  
 
Естеріңізге салсақ, өткен маусымда осы футбол лигасының жеңімпазы болып «Төле би» (Алмалы ауданы) мешіті атанған болатын. Ойындар  әр сенбі және жексенбі сайын  қаламыздың футбол алаңдарында  күнтізбеге сәйкес өткізілетін болады.