Алматыда спорттық гимнастикадан ел біріншілігінің жеңімпаздары анықталды

24.06.2018, Оқылғаны: 457

Бүгін, «№ 9 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде» спорттық гимнастикадан Қазақстан чемпионатының финалы өтті, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Бір апта ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 70 қыз бен 55 ұл өзара мықтыны анықтады. Соңғы екі күн, ақтық мәреде Қазақстанның үздік гимнастшылары бәстесті. Спорт шеберлері, ұлдар арасында, алматылық Ербол Джантықов жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, күміспен оңтүстік астананың спортшысы Ильфат Имарджанов күптелді. Ал қола жүлдесін Қостанайдан келген Андрей Лунгул қанағат тұтты.

- Жарыстан керемет әсер алдым. Мұндай чемпионаттар кәсіпқой гимнастшы ретінде дамуға, халықаралық ірі жарыстарда өнер көрсетуге ықпалын тигізері сөзсіз. Сонымен қатар, рухыңды көтеріп, шабытандырады. Біз үйде бәстескенмен, республикалық деңгей сезіледі. Шымкенттен келген спортшылар өте мықты қарсыластар екен. Бірақ, көбінесе, Алматы құрамасы спортшыларымен өзара бақ сынастық, - деп бөлісті спорт шебері, Алматы құрама командасының спортшысы Ербол Джантықов.

Айта кетер жайт, бапкерлер мен ұйымдастырушылар жеңімпаз Нариман Құрбановтың нәтижесін де атап өтті. Ол осы жылы өзінің жеке элементін ойлап шығарып, керемет орындап шыққан, ал элемент әлемдік элементтер реестрі қатарына кірген болатын. Спорттық гимнастикадан Алматы Федерациясының вице-президенті Махмұд Ескендіров атап өткендей, чемпионатта тек үздік гимнастшылар жиналған, сол себепті де, жарыс өте қызықты өтті.

- Біз қала құрамасына да мықты спортшыларды қарастырудамыз. Жарыс нәтижелері бойынша таңдауға болады, мықталар да аз емес десем артық кетпеспін, - деп қорытындылады Махмұд Ескендіров.

Айтулы доданың басты мақсаты Алматыда спорттық гимнастиканы дамыту және елге таныту, сонымен қатар, үздік спортшыларды анықтау, қатысушылар мен төрешілердің шеберліктерін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль және грамоталармен марапатталды.