Футзалдан Әлем чемпионатына арналған аула лигасы

15.07.2018, Оқылғаны: 816
Алматыда тамыздың 19-ы мен 26-сі күндері студенттер арасында футзалдан Әлем чемпионаты өтеді. Соған орай бүгін «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында футболдан қыздар және ұлдар аула командалары арасында лига өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды. 
 

Жарыс «Мaxi чай» өндіретін Galanz bottlers компаниясының қолдауымен  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ стадионында олимпиадалық жүйе бойынша өткізілді.  
 
Кез келген ұлдар мен қыздар арасында өткен ойынға 800-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде 40 қыз бақ сынады. Арасында әлем чемпионатында өнер көрсететіндер де болды.    
 
- Ұйымдастырушыларға осындай турнир үшін рахмет. Қазір қыздар футболына аз көңіл бөлінуде. Сондықтан бұл келе жатқан әлем чемпионатына жақсы дайныдық. Жақында Қырғызстанға жиынға бардық. Командамыздың құрамына іріктеу жүргізілуде. Жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймыз. Мен өзім футбол ойнағаныма көп болды. Қазақстан чемпионатына жиі қатысамын. Осындай әлемдік додада өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе, - деді аула лигасының қатысушысы және футзалдан ұлттық құраманың капитаны Рамина Мамедова.  
 
Турнирдің нәтижесінде қыздар командалары арасында бірінші орынға ҚазСТА студенттері ие болды. Ал, екінші және үшінші орынға «Легион» мен «Космос» жайғасты.  
 
Ұлдар арасында бірінші «А» лигасына – 8-ден 14 жасқа дейінгілер қатысып, «Қайрат» клубы чемпион атанды. «Девил оф хел» мен «Бөкейxанов» ойыншылары күміс пен қолаға ие болды.    
 
Ал, екінші «Б» лигасына – 15-тен жоғары жастар қатысты. Бұл жерде «Олимп», «Легион» және «Тастақ» ұжымдары жүлделі орындарды жеңіп алды.    
 
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медал, сыйлықтармен марапатталды, сонымен қатар, аула лигасының серіктесінен «Мaxi чай» сусындары және «Майами» аквапаркі мен аттракционадарына билеттер таратылды.
 
Сондай-ақ, студенттер лигасының өкілдері қатысушылар арасында қызықты ойындар өткізіп, өз сыйлықтарын таратты.