Футзалдан әлем чемпионатының қатысушылары Алматының аулаларында шеберлік сабақтарын өткізді

22.08.2018, Оқылғаны: 488
Бүгін Алматыда футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионаты қатысушыларының шебелік сабақтарын өткізді. Балаларға өз шеберліктерімен Қазақстан, Германия, Канада, Аргентина және Украина құрамалары бөлісті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.  
 
Спорттық шара таңнан бастап қала аулаларындағы алаңдарда Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитовтың қатысуымен өткізілді.
 
Ең алдымен Сайран көлі маңында орналасқан жаңа аулада Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары «Спорттық Алматы» аясында өтетін аула лигасы мен кез келген қатысушыларға шеберлік сабағын өткізді.  
 
Артынша, Украина, Канада және Германиядан келген қонақтар № 1-ші және SOS балалар үйлеріне барып жаттығу өткізді. Ал, ертең ширек финалда Қазақстанға қарсы ойнайтын Аргентинаның ерлер құрамасы Түрксіб ауданындағы аулалардың біріне барып, көңіл көтеріп қайтты. Оларды 80-нен астам «Спорт менің ауламда» бағдарламасының қатысушылары қошаметпен қарсы алып, өз шеберліктерін шыңдады.  
 
Бұл шаралар барысында барлық футзалшылар өз шеберліктерімен бөлісіп, футбол ойнады. Шара соңында дәстүр бойынша фото және қолтаңба таратылып, ұйымдастырушылар атынан сыйлықтар табысталды.  
 

Бізге барлығы ұнады. Бұл жердің балалары өте белсенді екен, Қазақстандағы адамдар қонақжай әрі бауырмал екен. Сіздерге осы мерекеге шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Біз әлі қаланы аралап көрмедік, бірақ бүгін бірнеше жерді тамашалаймыз деп жоспарлаудамыз. Ертең, Қазақстанмен қиын ойын күтіп тұр, барлығы жақсы болады деп ойлаймын, - деді Аргентина құрамасының капитаны Николас Пике.  

 
Шара аяқталған соң барлық балалар көтеріңкі көңіл күйде болып, өз әсерлерімен бөлісті.  
 

Біз бүгін аргентиналықтармен кездескенімізге өте ризамыз. Шыны керек, олардың тілдерін түсінбесекте көптеген нәрсе үйрендік. Біз бұл құраманы жақсы көреміз, себебі біздің Месси, Агуэро деген кумирларымыз осында ойнайды, - деді Түрксіб ауданындағы балалар Нұрасыл Жандарбеков пен Ершат Рахманәлі.  

 
Айта кетер жайт, 19-нан бастап Almaty Arena және Halyk Arena мұз кешендерінде 16 ерлер және 9 әйелдер құрамасының қатысуымен әлем чемпионаты өтуде. Біздің ерлер құрамасы ертең, 23-ші тамыз күні, сағат 18.00-де Аргентинаға қарсы ширек финалда ойнайды. Матч Almaty Arena-да өтеді.  
 
Шеберлік сабақатардың басты мақсаты қонақтарды қаладағы жаңа аулалармен таныстырып, балалардың спортқа деген құлшыныстарын арттыру болып саналады.
 
Қазіргі таңда «Спорт менің ауламда» бағдарламасы аясында 150 аулада спорттық жаттығулар жүйелі түрде өтуде. Сонымен қатар,алып шаһардың бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Спорттық Алматы» бағадарламасы нәтижесінде қазір қала тұрғындарының 30 пайызы спортпен шұғылдануда.  
 
2018 жылы Алматыда 606 аулада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2017 жылы 442-сі жөнделген болса, 2016-ші жылы - 290. Осылайша 3 жылда жөнделген аулалардың саны 35 пайызды құрайды, немесе 1338 аула (барлығы 3 787). Естеріңізге сала кетсек, әлем чемпионатының финалы жексенбі, 26-ші тамызда өтеді. Турнирдің толық кестесі https://wucfutsal2018.com/ сайтында.