Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының финалында

24.08.2018, Оқылғаны: 389
Almaty Arena көпфунцкионалды кешенінде футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалдық кездесуі өтті. Қазақстан ерлер құрамасы Португалияға қарсы ойнап, оны 3:2 есебімен ұтты, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.    
 
Ойындағы есепті алғашқы болып қонақтар ашты. 3-ші минутта португалдық Симеос көзге түссе, 4 минут өткен соң қазақстандық Дәурен Тұрсағұлов таразы басын теңестірді. Алайда біздің жігіттердің қуанышы бірнеше секундқа ғана созылды, себебі қарсылас команданың ойыншысы Абреу ойынды шапшаң бастап қақпаны алыстан көздеді. Осылайша олар екінші алға шықты, алайда, алаң иелері ойын тізгінің ары қарай өздері ұстап екі гол соғып үлгерді. Матчтың 10-шы минутында Агидель Мадияров есепті теңестірсе, Арнольд Кнауб команданы алға шығарды. Есепті 3:2.  
 
Екінші таймда қос құрама өте әсерлі әрі эмоцияға толы ойын көрсетті. Алайда аренаға көптеп жиналған жанкүйерлер гол көре алмады. Осылайша қорытынды есеп 3:2, Қазақстан тұңғыш рет әлем чемпионатының тарихында финалға шықты.  
 

Өз әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Қарсылас қиын болғанымен, біз жеңуге бар күшімізді салдық. Нәтижесінде тарихи жеңіске қол жеткіздік.Оны барлығы жанкүйерлеріміздің арқасы. Оларға мыңда бір алғыс. Енді шешуші ойын Ресей құрамасымен кездесеміз, барлығы жақсы болады деп ойлаймын, - деді Қазақстан құрамасының ойыншысы Дәурен Тұрсағұлов.   

 
Екінші жартылай финалдық ойында Ресей құрамасы Украинаны 4:2 есебімен ұтып, Қазақстанның қарсыласы атанды. Финалдық кездесу Almaty Arena-да тамыздың 26-сі сағат 16:00-де өтеді. Сондай-ақ, осы күні сағат 14:00-де Украина мен Ресей әйелдер құрамасының финалы болады.