Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері

26.08.2018, Оқылғаны: 671
Almaty Arena көпфунцкионалды кешенінде футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионатының финалдық кездесуі өтті. Қазақстан ерлер құрамасы Ресейге қарсы ойнап, одан 2:4 есебімен ұтылды, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.      
 
Алғашқы болып бұл кездесуде есепті қонақтар ашты. 4-ші минутта Сергей Орлов қақпаны дәл көздеп көзге түссе, бір минут өткен соң Антон Соколов есепті 2:0-ге жеткізді. 6-ші минутта қазақстандық Агедиль Мадияров көптеп жиналған қазақстандық жаңкүйерлерге қуаныш сыйлағанымен, қарсылас команданың ойыншылары Янар Асадов пен Сергей Орлов 7 және 8-ші минуттарда екі гол соғып үміт отын сөндіргендей болды.
 
Екінші 20-минутта да көрермендер біздің жігіттерден зор үміт күтті. Қос құрама өте қызықты ойын көрсетіп, қауіпті жағдайлар жасағанмен, көп гол соғылмады. Тек, ойынның 38-ші минутында қазақстандық қақпашы Асылжан Әлім осы кездесудегі соңғы допты соқты. Осылайша, Қазақстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.    
 

Біз жеңуге тырыстық, бірақ бізге не жетіспегенің айта алмаймын. Қарсылас өте жақсы ойын көрсетті, бірақ біз оларды жеңуге мүмкіндігіміз болды. Финалда ұтылған соң бәрі-бірде өкініш сезімі болады екен. Барлық жанкүйерлерімізге мың алғыс айтамыз. Қолдауларыңыз керемет болды. Сондай-ақ, осы турнирдің ұйымдастырушыларына да рахмет, - деді Қазақстан құрамасының ойыншысы Владислав Черномордов.  

 
Сонымен қатар, осы турнир жайлы өз ойларымен ресейлік ойыншыларда бөлісті.  
 

Алған әсерім өте керемет. Мен Алматыда, жалпы Қазақстанда бірінші рет келдім.Маған барлығы ұнады. Турнирдің деңгейі өте жоғары. Қолдау да жақсы болды. Дегенімізге жеттік, - деді Ресей құрамасының ойнышысы Янар Асадов.  

 
Осы ойыннан кейін, аренада чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Оның барысында арнайы келген қонақтар осы чемпионаттың ұйымдастырушыларына керемет қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, артынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ФИСУ туын келесі әлем чемпионатын қабылдайтын Польша өкіліне тапсырды.
 
Барлық жүлдегерлер кубок, медальдармен мараптталып, үздік ойыншылар номинация бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында қазақстандық Біржан Оразов үздік қорғаушы, ал Дәурен Тұрсағұлов – үздік шаубылшы атанды.  
 
Командалық орындар:
Әйелдер:
1 орын Ресей
2 орын Украина
3 орын Португалия  
 
Ерлер:
1 орын Ресей
2 орын Қазақстан
3 орын Украина  
 
Айта кетер жайт, әлем чемпионаты тамыздың 19-26-сы арадығында Almaty Arena және Halyk Arena мұз сарайларында өткізілді. Келесі әлем чемпионаты екі жылдан соң Полшаның Познань қаласында өтетін болады.