Астана велошабандозы «Алматы Туры-2018» веложарысының бірінші кезеңінде жеңімпаз атанды

29.09.2018, Оқылғаны: 603
Astana Pro Team велошабандозы Давиде Виллела «Алматы Туры-2018» көпкүндік веложарысының бірінші кезеңінде жеңіске жетті. Бүгінгі жарыс атақты велошабандоз Андрей Кивилевқа арналды, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлйды.
 
Ол мәреге 4 сағат 9 минут және 35 секундта жетті. Ал, екінші болып 35 секундтан соң американдық спортшы Симон Пеллауд (Team Illuminate) келсе, Албания өкілі Пиерпало Фикара (Amore&Vita - Prodir) үшінші орынға ие болды. Тағы бір астаналық Луис Санчес төртінші келді.
 

- Жарыс өте қызу болды. Қарсыластар жан-жақтан шабуыл жасағанмен бірінші келдік. Ертең тағы бір кезең күтіп тұр, көреміз не болатынын. Мен осы команданың атын қорғап жүргеніме қуаныштымын, - деді бірінші кезең жеңімпазы Давиде Виллела.

 
Бірінші кезең Астана алаңында әр елден келген 19 клубтың қатысуымен басталып, осы жерде аяқталды. Қатысушылар 182 шақырымды бағындырды. Қазақстан атынан 4 команда қатысып, олардың арасында алғашқы рет алматылық Apple Team өнер көрсетті. Олар қазақстандықтардың арасында үшінші орынды иеленді.
 
Сондай-ақ, Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы Рүстем Байсеитов Давиде Виллеланы құттықтап, оған көшбасшы майкасын табыстады. Ал, қазақстандық үздік велошабандоз болып Матвей Никитин (Ұлттық құрама) атанды.
 
Енді, ертең, 30-ші қыркүйек күні веложарыстын екінші кезеңі басталады. Командалар Halyk Arena көпфункционалды кешенінде сағат 11:00-де жарысты бастап, Медеуде аяқтайды. Бағыт қашықтығы 160 шақырымды құрайды.