Луис Санчес - «Алматы Туры - 2018» веложарысының екінші кезеңінің жеңімпазы

30.09.2018, Оқылғаны: 277
Astana Pro Team командасының велошабандозы испандық Луис Леон Санчес «Алматы Туры - 2018» көпкүндік веложарысының екінші кезеңінде жеңіске жетті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлйды.

Ол мәре сызығын 4 сағат 11 минут және 35 секундта кесіп өтті. Одан кейін төрт секунд айырмашылығымен  екінші болып Делио Фернандес (Delko Marseille) келді, ал үшінші орынға бірінші кезеңінің жеңімпазы Давиде Виллелла жайғасты.

- Жарыс қиын болды. Бүгін команда жақсы жұмыс істеді және соның арқасында жеңіске жеттім. Жігіттер маған жұмыс істеді, негізі жоспар басқаша болған. Бірақ біз жеңіске жеткендігімізге өте қуаныштымыз. «Тур дэ Франс» веложарысында алған жарақатымнан кейін қалпыма келдім, өзімді жақсы сезінемін. Екінші кезеңде көтерілу ауыр болды, бірақ мен Андоррада тұрамын, ол жакта да таулар бар және сол таулы аймақта жаттығамыз. «Алматы Туры - 2018» Италияда болатын жарыстың алдындағы жақсы дайындық болды, - деді екінші кезеңнің жеңімпазы Луис Санчес.


Жарыс «Halyk Arena» көпфункционалды кешенінің аумағынан басталды және Медеу шатқалында аяқталды. Әр елден келген 19 клубтың өкілдері 160 шақырымды бағындырды. 

Жарыстың қорытындысы бойынша Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов алтыншы «Алматы Туры - 2018» халықаралық веложарысына жоғары баға берді.

- Алматы Туры  қала үшін сәтті өтті. Халықаралық комиссарлардың ұсынысы бойынша біз алғаш рет веложарыстың қалалық бөлігін ұлғайттық. Соның арқасында көрермендер біздің әсем қаламызды тамашалады, халықаралық федерацияның барлық нормаларына сәйкес келетін тамаша қала екендігін көрді. Жалпы, Astana Pro Team командасы өзінің жоғары деңгейін дәлелдеді.  Сондай-ақ, біздің жас алматылық команда Apple Team де өз жанкүйерлерін қуантты. Қазір біз осы клубты дамытудың бес жылдық жоспарын құрудамыз», - деді Рүстем Байсеитов.


Айта кетсек, Қазақстан атынан 4 команда қатысып, олардың арасында алғашқы рет алматылық Apple Team өнер көрсетті. 
Екінші кезеңнің нәтижесі бойынша  Давиде Виллелла жалпы жіктеу бойынша жеңімпаз атанды, ал Юрий Натаров (Ұлттық құрама) үздік қазақстандық шабандоз деп танылды.

Оларды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Кәлетаев пен Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Райымбек Баталов құттықтады.

Естеріңізге сала кетсек, кеше «Алматы Туры-2018» көпкүндік веложарысының бірінші кезеңінде  Astana Pro Team велошабандозы Давиде Виллела жеңіске жеткен болатын.