ҚазСТА студенттері волейболдан үздік атанды

28.10.2018, Оқылғаны: 479

Бүгін, қазанның 28-і күні «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында Қазақ спорт және туризм академиясының спорт кешенінде Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері арасында жарыс өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.
 

- Өткен жылмен салыстырғанда биыл командалар көптеп қатысуда, қатысушылар саны екі есе өсті. Бұл қуантарлық жағдай! Жарыс деңгейі де жоғары! Ал жақын арада біз студенттер арасында мини-футболдан жарыстар өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді «Спорттық Алматы» бағдарламасының ұйымдастырушысы Әлия Шайхан.

Айтса кетсек, жарысқа 37 команда қатысты, яғни Алматы қаласының әр түрлі жас санатындағы 350-ге жуық жоғары оқу орындарының студенттері.
 

- Бүгінгі жарыс күні жеңіспен басталды, қарсыластар әлсіз болды. Алайда, жарыс деңгейі жоғары болды. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз! Әдемі ойын көрсетуге тырысамыз, - деп өз әсерімен ҚазСТА 2 курс студенті Бағдат Қадырбай бөлісті.

Қызықты әрі тартысты ойындардың қорытындысы бойынша ҚазСТА студенттері ең мықты деп танылды – қыздары да, ұлдары да алтын медальдарға ие болды. Жігіттер арасында екінші орынды АЭжБУ командасы және үшінші орынды НАРХОЗ студенттері иеленді. Қыздар арасында екінші орынға ҚазМҚПУ жайғасты және үздік үштікті АЭжБУ өкілдері түйіндеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медальдар, кубок және сыйлықтармен марапатталды.

Жарыстың басты мақсаты жоғары оқу орындарының студенттері арасында салауатты өмір салтын насихаттап, үздік командаларды анықтау болып табылады.  «Спорттық Алматы» бағдарламасы алып шаһардағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.