Кака Алматының мемлекеттік энергетика және электрондық технология колледжінде қонақта болды

29.10.2018, Оқылғаны: 380
«Қайрат» футзал клубының бас бапкері Пауло Рикардо Кака Алматының мемлекеттік энергетика және электрондық технология колледжінің студенттерімен кездесті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.
 
Бразилиялық маман қаладағы футзал мен спорттың дамуына аса көңіл бөлініп жатқан мемлекеттік оқу орнына колледж директоры Тайтулеев Төлеуғали Мұхамеджанұлның шақыртуымен келген.
 
Бұл колледжде көптеген республикалық және қалалық жарыстарда 10 жыл бойы өнер көрсетіп жатқан футзал командасы бар. Дәл осы оқу орында қазіргі «Қайрат» және ұлттық құраманың ойыншылары Дәурен Тұрсағұлов пен Біржан Оразов кезінде білім алған болатын. Сондай-ақ, осы  білім ордасының бірнеше студенттері де қазіргі танда «Жетісу» және «Қайраттың» жастар қомандасында өз шеберліктерін шыңдап жүр.
 
Пауло Рикардо Какаға осы оқу орын мен спорттық база өте керемет әсер қалдырды. Ол колледждің  қазіргі ойыншыларымен танысып қайтты. Алдағы уақытта «Қайрат» футзал клубы мен Алматының мемлекеттік энергетика және электрондық технология колледжі тығыз байланыста болып, қаладағы және еліміздегі футзалды бірігіп дамытатын болады.
 
«Қайрат» футзал клубының басшылары мен бапкерлері Алматының мемлекеттік энергетика және электрондық технология колледжін осындай спортшылар мен білімді студенттерді тәрбиелеп, футзалды дамытып жатқанына өз алғысын білдіреді.