Мақсат Аязбаевтың жаңа белестері

01.11.2018, Оқылғаны: 733
Мақсат Аязбаевтың есімі тек Қазақстанда ғана емес, өзге мемлекеттер де жақсы танымал. Еліміздің велоспортында тәлім алған спортшы көптеген xалықаралық жарыстарда Қазақстанның атын атақты Astana Pro Team командасында жүріп шығарған болатын. Биылғы жылдан бастап Аязбаев өзін бапкерлік әрі әкімшілік қызметінде сынап жүр. Қазіргі танда ол Алматының Аpple Тeam велокомандасында спорттық директоры қызметін атқарып жүр. Ақпараттық және спорттық ХАБ тілшісіне Аязбаев өзінің спорттық мансабы мен "Астана" клубында өткен жылдары жайлы айтып берді. Сондай-ақ, ол Қазақстан велоспортының дамуы туралы сөз қозғады.

- Спортпен айналысқаныма 17 жыл болды. Осы уақыт аралығында әр түрлі жағдайлар орын алды. Өзімнің әріптестерім секілді қиындық пен қуаныштың дәмін бірдей таттым десе де болады. Биылғы жылдан бастап спорттық мансабымды аяқтап, әкімшілік қызметке ауысуды жөн көрдім. Қазір Алматының Аpple Тeam континенталдық велокомандадасында спорттық директор қызметінде жүрмін. Біздің клубтың алдына үлкен мақсат қойып, биік шындарды бағындырсам деген жастар өте көп. Енді соларды қолдап, еліміздің велоспортын дамытуға үлес қосатын боламын.

- Біраз уақытқа дейін отандық велоспортшылардың арманы Astana Pro Team сапына кіру болатын. Алайда, биылғы жылдан бастап Қазақстанда xалықаралық деңгейдегі екінші – Аpple Тeam командасы пайда болды...

- Ең алдымен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаға, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов мырзаға бізге көрсетіп жатқан қолдау үшін өз алғысымды білдіргім келеді. Аpple Тeam клубының құрылғаны қазақстандық шабандоздардың болашағына үлкен септігін тигізбек. Егер алдағы уақытта да осындай жақсы қолдаулар болып жатса, жақын арада біраз жетістіктерге жететініміз айдан анық. Astana Pro Team құрамына біздің барлық беделді спортшыларымыз кіре бермейді, ал Аpple Тeam отандық спортшыларды әрқашанда қолдайтын болады. Бұл жоба осы спорттың дамуына республика бойынша өз үлесін міндетті түрде қосады деп ойлаймын. Алматының құрамында ел чемпионатының жеңімпаздары өнер көрсетеді. Олардың қатарында әлем кубоктарында, чемпионаттарында, Азия ойындары мен біріншіліктерінде жүлделі орындарға ие болған отандық спортшыларымыз да бар. Біз танымал спринтеріміз Сұлтан Миралиевке үлкен үміт артып отырмыз. Ол өзін көптеген жарыстарда жақсы жағынан көрсете білді. Жастарымыз солмен бірге жарыстарда жүріп, тәжірибе жинайды деп ойлаймын.

- Енді сіздің Astana Pro Team клубындағы мансабыңыз жайлы сөз қозғасақ. Өзіңіз атақты легионерлермен бірге бір командада жүріп, не үйрендіңіз?

- Өте үлкен әрі баға жетпес тәжірибе жинадым. «Астана» сынды белгілі клубта бәрі де жоғары деңгейде болады. Мысалы, тамақ жайлы айтайық. Ас үлесі жарыс пен жиын кезінде әр түрлі болады. Диетологтар бір топқа арнайы барлығын тізімдеп жазып береді: таңғы ас, түскі ас, кешкі асқа не ішу керек, қандай мөлшерде екендігі туралы. Біздің дайындық пен жарыс кезеңдерін тыңғылықты бақылап жүретін. Өз күшімізді қалай дұрыс қолдану керектігімізді үйрететін. Осы біздің айтулы командамызда өнер көрсеткен шабандоздар үлкен спортта оңай болмайтындығын жақсы түсінеді. Бір сөзбен айтқанда мен «Астана» сапында жүріп көп нәрсе үйрендім, қалай дегенмен онда әлемнің мықты мамандары жұмыс істейді.

- Есіңізде қалған жарыс туралы айтып берсеңіз?

- Мен классикалық біркүндік жарыстарда көп өнер көрсеттім. «Фландрия Туры» – деген ғаламдағы ең танымал классикалық турлардың бірі болып саналатын жарыс есімде қалыпты. Бұл жерде әлемнің мықты велошабандоздары бақ сынасады. Белгияның Антверпенінде жиналған xалық саны естен кетпестей болған еді. Осындай жарыстарға қатысып, велоспорттың маңызы мен қажет екендігін жақсы түсінесін.

- Бүгін де Қазақстандағы велоспорттың дамып келе жатқанын байқап келеміз. «Астананың» грандтурлардағы жетістіктері мен отандастарымыздың Азия және Олимпиада ойындарындағы, сонымен қатар өзге де жарыстарда алған орындарын көріп мақтанып жүреміз…

- Ең алдымен оның бәрі еліміздегі әлеуметтік экономикамыздың көтерілгеніне байланысты. Содан кейін Қазақстанда осындай Astana Pro Team сынды әлемге танымал команда бар екендігі үлкен жетістік. Бізде тәжірибелі мамандар аз емес. Солардың арқасында жас спортшыларымыз алға қадам жасап, өрлеуіне мүмкіндік алуда.

- «Астана» құрамында әр түрлі жылдарда Контадор, Армстронг, Нибали және т.б. танымал спортшылар болған еді. Солармен бірге осылардың деңгейінен төменірек легионерлерде өнер көрсеткен болатын. Осыларға қазақстандықтардын көз қарастары қандай?

- Легионердің бастапқы мақсаты әр жарыстарда өзін жоғары жағынан таныту болып табылады. Басқа жақтан келген спортшы біздің шабандоздардан бір елі мықты болуы тиіс. Олай болмаса, оны шақырудың да қажеті шамалы. Ал, сіз айтқан велошабандоздар әлемдік спорттың элиталары болып саналады. Олармен бір командада жаттығу ол әр спортшының арманы.

- Қазақстанның ең ірі мегаполисінде жыл сайын «Алматы Туры» көпкүндік велобәйгесін өткізу дәстүрімізге айналды. Сіздің шет елдік әріптестеріңіз осыған қандай баға береді?

- Велоспорт әлемі осы жарыс туралы жақсы біледі. Ол шет елдік баспасөздерде де жақсы жазылады. «Алматы Туры» бұл Қазақстанның бренді. Біздің вело жарысты Еуропаның танымал каналы «Евроспорт» көрсетеді, бізге жыл сайын әлемнің үздік велошабандоздар келіп жатады. «Алматы Туры» жарысының деңгейі жыл санап өсіп келеді, ол бізді, әрине, қуантады.