Пауэрлифтинг - жасқа шектеу қойылмайтын спорт

11.12.2018, Оқылғаны: 177

Алматыда пауэрлифтингтен қала чемпионаты өтті. Жарыс жолына шыққан 150 атлет үш салмақ дəрежесі бойынша сынға түсіп, түрлі-түсті медальдарды сарапқа салды

Олардың қатарында əлем жəне Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де болды. 

- Маған темірмен жəне қарсыластармен тайталасқан ұнайды. Спорттың бұл түрі денеңді қатайтып,  рухыңды асқақтатады. Мен 2015 жылы Мəскеуде өткен əлем чемпионатында 83 кило салмақта жеңімпаз атансам, қазіргі кезде 93  кило салмақ дəрежесіне ауысып, жатып көтеру жаттығуында 233,5  килолық көрсеткішпен əлемдік рекордты жаңарттым. Ал осы турнирде менің шəкіртім Аида Думанова 57 кило салмақта чемпион атанды, - дейді спорт пен бапкерлікті қатар алып жүрген əлем рекордшысы Вячеслав Цой. 


Бұл жарыста Илья Маслов, Александр Краснов жəне басқа да мықты спортшылар бас жүлдені олжалады.

- Біздің спортта адам жасына шектеу қойылмайды. Сол себепті де жарыс жолына 13 жастағы бала да, 80 жастағы қария да шыға береді. Осы жайттың өзі спортпен шұғылдану ешуақытта кеш емес екенін аңғартып тұр - дейді пауэрлифтингтен Алматы қаласының аға бапкері, халықаралық санаттағы төреші Вячеслав Старков.