Су добынан ҚР чемпионы атағы үшін алты команда таласуда

14.03.2019, Оқылғаны: 50
Алматыда су добынан 2002 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігі өтуде. Бұл жарыста Алматының – үш клубы және Қарағанды, Тараз, Астанадан келген командалар бақ сынауда. Жарыстың бірінші туры былтырғы жылдың қараша айында аяқталса, қазіргі кезде екінші кезең өтуде. Ал үшінші тур ойындары мамыр айында басталады.

«Бұл бәсекелер қыркүйек айында Үндістанда өтетін Азия біріншілігіне даярлық ретінде қарастырылуда. Сол жарыстың нәтижесі бойынша алғашқы үш орынды иеленген командалар 18 жасқа дейінгі ватерполшылардың әлемдік додасына қатысады», – дейді алматылық командалардың бірінің бапкері Дмитрий Ходзинский.   

««Алматы-2» командасы үшін осы жарысқа қатысудың өзі үлкен тәжірибе мектебі. Себебі, осы додада бақ сынап жатқандардың барлығы да біздің балалардан ересек. Мәселен, «Алматы-1» клубы Ресей біріншілігінің финалына жолдама алған жастар құрамасынан жасақталған. Жазда олар Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Волгоград командаларымен күш сынасады» (с) спорт интернаты командасының бапкері Сергей Маслюк

Ресейдің ашық біріншілігіне Қазақстан құрамасы да үзбей қатысып келеді.

«Әзірге біз 6-7 орындарда келеміз. Биыл 5-8 орындар үшін таласатын шығарымыз. Жарыстың 14 турынан кейін Австралияның Перт қаласында өтетін әлемдік топтың Интерқұрлықтық кубогында күш сынасамыз. Сол жарыста әлемдік топтың Суперфиналына жолдама алуды көздеп отырмыз. Ал бүгінгі күні сіздер өнерін тамашалап отырған жастар біздің ізбассарларымыз.» (с) Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Александр Шведов.