Астана VS Парма

29.03.2019, Оқылғаны: 1164
Сенбі күні, 30 наурызда, «Астана» Президенттік баскетбол клубы өз алаңында Пермнің «Парма» клубын қабылдап, ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өткізеді.

«Парма» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Пермь қаласынан, 2012 жылы құрылған.

Жетістіктері:
·             Ресей кубогының жеңімпазы – 2015/16, 2018/2019
·             Суперлиганың қола жүлдегері – 2015/2016

Командалар осыдан тура бір ай бұрын, 27 ақпан күні Пермь қаласында кездескен. Онда елорданың «Астана» клубы «Парма» командасын 80:85 есебімен ұтып кеткен болатын. Дәл қазір «Парма» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде 13-ші (төменнен санағанда екінші) орынды иеленіп тұр. Пермдіктер 21 ойында тек 4 рет жеңіске жеткен. Ал «Астана» өткен дүйсенбіде, Химкиде ұтылып қалса да, жеңісінің жеңілісінен артық теңгерімін сақтап (13-8), турнир кестесінде алтыншы орынға орналасты.


30 наурыз күні жанашыр жанкүйерлеріміздің бәрін «Сарыарқа» республикалық велотрегі трибуналарында күтеміз (Қабанбай батыр даңғылы, 42). Матчтың басталуы – Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де. Матч билеттерін Ticketon.kz сайтынан сатып ала аласыздар. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде және QAZSPORT телеарнасында жүргізіледі.