Депутаттар спортшыларды ҰБТ-дан босатуды ұсынады

12.04.2019, Оқылғаны: 71
Сенаторлар спорт саласында табысқа жеткен спортшыларды ұлттық бірыңғай тестен босатуды сұрайды.

"Депутаттық сауал жолдауға мəдениет пен спорт саласындағы колледждерде оқитын, халықаралық жарыстарда жоғары нəтиже көрсетіп жүрген спортшылар ҰБТ-да төменгі балл алулары себеп болды. Соның салдарынан ЖОО-на түсу кезінде олар мемлекеттік білім грантынан айырылады. Өнер мен спорт - Қазақстанның халықаралық беделін асқақтататын сала. Осы қос салада кадрлар даярлаудың өз ерекшеліктері бар. Себебі, мамандарды даярлау ісі мектеп қабырғасынан басталады" , - деді Мұрат Бақтиярұлы Сенаттың алқа отырысы кезінде Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Əбдіхалықованың атына депутаттық сауал жолдай отырып.

Ол өнер мен спорттың арнайы мектептерінде дайындық 4 сыныптан басталатынын атап өтті. Сонымен қатар, жыл сайын түлектердің 70-80 % ЖОО-на құжаттарын тапсыратынын айта келе, колледждің түлектері жоғары білім алуда түрлі кедергілерге тап болатынына назар аударды. Атап айтсақ, халықаралық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендердің өздері ҰБТ-да алған төменгі баллдарының кесірінен мемелекеттік гранттан қағылады.