Қазақстанның боксшылары Азия чемпионатында 11 жүлде алады

24.04.2019, Оқылғаны: 223
19-26 сәуір арлығында Таиландтың астанасы – Бангкокта бокстан Азия чемпионаты өтіп жатқаны мәлім. Осы жарыстың 11 отандасымыз жартылай финалға шықты. Яғни, олардың барлығының жеңіс тұғырына көтерілетіні анық. Ал қайсына алтын, қайсына күміс пен қола медаль бұйыратыны алдағы айқастарда анықталады.   

Жартылай финалда Қазақстанның үш бірдей өрені Үндістанның өкілдерімен күш сынасады. Атап айтсақ, 49 кило салмақтағы Теміртас Жүсіпов Дипакпен қолғап түйістіреді. 60 кило салмақтағы Зәкір Сафиуллин Шива Тхапамен шеберлік байқасады. +91 кило салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев Сатиш Кұмармен айқасады.    

64 кило салмақтағы Санатәлі Төлтаев тәжікстандық Баходир Усмоновпен кездессе, 75 кило салмақтағы Тұрсынбай Құлахмет түркіменстандық Нұрсахат Паззыевпен шеберлік байқасады. 85 кило салмақтағы Бек Нұрмағанбеттің қарсыласы – қырғыстандық Еркін Әділбекұлы. 91 кило салмақтағы Василий Левит Оңтүстік Кореяның оғланы Ким Хьен Кюмен жұдырықтасады.

Қазір жарыс жолында бұрымдылдардың төртеуі ғана қалды. Жартылай финалда олар мына боксшылармен кездеседі: 64 кило: Милана Сафронова – Дан Ду (Қытай), 69 кило: Дариға Шәкімова – Ниен Чин Чен (Қытай), 81кило: Фариза Шолтай – Пуджа Рани (Үндістан) және 91 келі: Ләззат Күнгейбаева – Сяоли Янг (Қытай).

25 сәуірде жартылай финалдық сайыстар өтсе, финалдық айқасты 26 сәуірде тамашалайсыздар.