Мәңгілік махаббатқа айналған волейбол

20.05.2019, Оқылғаны: 180
Құрылғанына аса көп уақыт бола қоймаған республикалық әуесқой волейбол федерациясы жыл басында 12 команданың қатысуымен іріктеу турнирін өткізді. Кейіннен олар екі дивизионға бөлінді.
 
  • Құрылғаннан кейін үш айдан кейін әуесқой командалар арасында алғашқы және көктемгі республика біріншіліктерінің финалдық сайыстарын өткіздік, – дейді ҚР әуесқой волейбол федерациясының президенті Мұрат Мұрашев. – Мен бұл өнерді бала кезімнен ұнаттым. Қазір де құштарлығым еш кеміген жоқ. Бұл әр түрлі сала қызметкерлері, түрлі жастағылар, қарпайым адамдар мен шенділердің барлығының басын біріктіретін ғажап ойын. Кәсіпқой волейболдан чемпионаттар мен кубоктар үздіксіз өтіп тұрады. Әуесқойлар арасында ондай додалар жоқ. Содан кейін үзеңгілестерімізбен бірігіп федерация құрдық. Волейболды жақсы көретін адамдардың басын қостық. Біз жарна жинадық, демеушілерді тарттық. Осылайша, керемет бір спорттық мереке ұйымдастыруды жақсы дәстүрге айналдырдық. 
  • Волейбол – бұл хобби, өмірдің өзегі. Мен бала кезімнен осы спорт түрімен шұғылданып келемін. Қазір де жаттығуға уақыт табамын. Себебі, бұл – салауатты өмір салты. Біз достарымызбен бірге жақсы команда жасақтап, әуесқойлар лигасында күш сынасып жүрміз, – дейді «Ынтымақ» клубының капитаны Бекболат Жолдасов.
«В» дивизионындағы төрттік финалында «Глобал прайс» үшінші орын алса,  «Ынтымақ» екінші сатыға жайғасты. Бірінші орында – «8 шнурков» клубы. «А» дивизионында ҚазҰУ үшінші орынды иеленсе, «JMI» екінші орынға табан тіреді. Ал бас жүлдені «Орбита» олжалады.
 
Енді әуесқойлар күзгі чемпионатқа даярланады. Ал федерация еліміздің әр өңірінде филиалдар ашуды көздеуде.