Жансая Əбдімəлік əлемнің экс-чемпионы Александра Костенюкті алтыннан айырды

24.05.2019, Оқылғаны: 215
Қытайда «IMSA World Masters Championship» деп аталатын аса ірі турнир өз мәресіне жетті. Бір айта кетерлігі, кіл мықталыр жиналған айтулы жарысқа Қазақстанның шахматшылары алғаш рет шақырылды.

Рапид пен блицтен өткен додада төрткүл дүниенің 16 ең үздік ойыншысы ғана бақ сынады. Жарысқа қатысушылар арасында ең жасы күллі қазақстандықтардың мақтанышы Жансая Əбдімəлік болды. Алматылық ару бұрынғы əлем чемпиондарының біразын ойсырата ұтты. 

Менің қарсыластарымның арасында бұған дейін əлем чемпионы атанғандары аз болған жоқ. Сол себепті бір секундқа да босаңсыған жоқпын. Рапидте 2017-2018 жылдардағы əлем чемпионы Тан Чжунъиді, сол секілді Нани Дзагнидзе, Ирина Круш жəне Лей Тинцзы сынды атақты шахматшыларды ұттым. Блицте Мария Музычукты 2:0 есебімен ұтып, осыған дейін кеткен есемді қайтардым. Дəл сондай есеппен Хампи Конеруды да жеңдім – дейді Жансая.

Осы жарыстың қорытындысынан кейін Жансая Əбдімəліктің блицте жиған ұпайы 2414-ге дейін жетті. Қазіргі кезде ол ЭЛО рейтингі бойынша шахматтың барлық түрінен 2400-ден аса ұпай жиған еліміздегі жалғыз шахматшы атанып отыр.

Жансая рапид пен блицтен өткен жарыстың нәтижесі бойынша жетінші орынға табан тіреді. Қытайда ол тамаша ойын өрнегін көрсетті. Небір мықты ойыншыларды ұтқан қызымыз осы турнирдің фавориті саналған жергілікті ойыншы Лей Тинцзымен тең түсті. Ал әлемнің экс-чемпионы, атақты Александра Костенюк Жансаядан  жеңілгеннен кейін қолда тұрған алтыннан айырылды,  – дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко.