«Барлығы да билейді» немесе галстуксыз кездесу

27.05.2019, Оқылғаны: 158
 Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Рүстем Байсейітовтің түрлі федерация өкілдерімен кездесуі жақсы бір дәстүрге айналды. Жексенбіде бишілермен болған бас қосуда осы керемет спорт түрінің даму барысы жайында әңгіме қозғалды.

«Алматылық федерация – республикамыздағы ең үздігі. Қалада 31 клуб жұмыс істейді және олар өз-өздерін асырап отыр», – дейді қалалық спорттық би федерациясының президенті Галина Зайдентрумф.

 Айтулы клубтарды балалары спорттық бимен айналысатын ата-аналар қаржыландырады. Федерация оларды халықаралық турнирлерге жібереді. Ал ішкі жарыстарға келер болсақ, бишілердің басты проблемасы – арнайы алаңдар жоқ. Жалдау бағасы қымбат. Сол себепті де ұйымдастырушылар кіру бағасын көтеруге мәжбүр. Ал балаларының өнерін тамашалау үшін ата-аналарынан бөлек, ата-апалары, туған-туыстары да келеді. Яғни, олардың қатасына салмақ түседі.
 
Жиында Алматы қаласында ірі халықаралық турнир өткізу мәселесі талқыланды. Құрметті қонақ ретінде ең үздік жұптардың бірі италиялық Стефано де Филиппо мен Дарья Чеснокованы шақыру жайында ұсыныс айтылды. Осындай кәсіпқойларды көргеннен кейін көптеген алматылықтар би өнерімен айналысқысы келетіні сөзсіз.