«Шахмат мектептерде» - екі жылғы жұмыстың нəтижесі

04.06.2019, Оқылғаны: 159
Қазақстанның үш қаласында "Шахмат мектептерде" бағдарламасы бойынша оқып жатқан балалар арасында турнир өтті. Қазақстан шахмат федерациясы мектеп бағдарламасындағы осы пилоттық жобаны 2017 жылы Алматы, Қызылорда жəне Павлодардағы 18 орта мектептен бастаған болатын. 1 мыңнан аса үшінші сынып оқушысы қатарынан екінші жыл өздері оқитын мектеп қабырғасында шахмат ұстаздарымен бірге жаттығып, түрлі турнирлерге қатысуда.

- Пилоттық жоба жақсы нəтиже берді - дейді ҚШФ жобалар менеджері Салтанат Ноғайбаланова. - Ең бастысы, осы үйірмелерге қатысушылардың басқа да сабақтар бойынша үлгерімдері жақсара түсті. 2018 жылы бұл жобаға Шымкенттің 26 мектебі қосылды. Ал 2019 жылдың қыркүйек айынан еліміздің 30 қаласы мен ауылдарының мектептеріне айтулы пəн енгізіледі. Келесі жылдың күзінде шахматпен шұғыланатын оқушылар санын 7800-ден асыруды көздеп отырмыз.

Турнирде барлығы 175 бала бақ сынады. Əр пилоттық сыныптан бес оқушыдан қатысты. Алматыда N175 "Жаңағасыр" гимназиясының 3 "Г" сыныбы үздік шықты. Қызылордада N2 "Мұрагер" гимназиясының 3 "А" сыныбы озды. Павлодарда N41 мектептің 3 "Б" сыныбы жеңіске жетті.

Жүлделі үш орынды иеленген оқушыларға құрмет грамотасы жəне дипломдар, ал жеңімпаз атанған мектептерге кубоктар табыс етілді. Биыл федерация пилоттық сыныптармен жұмыс істейтін мұғалімдерді де марапаттады.