Қоян-қолтық ұрыстан қазақстандық əлем чемпионы атанды

05.06.2019, Оқылғаны: 43
Санкт-Петербургте қоян-қолтық ұрыстан өткен əлем чемпионатында қазақстандық Қазбек Сағын жеңімпаз атанды. 55 кило салмақта сынға түскен ол барлық қарсыласын ұтты. Аян Тұрсын күміс алса, Ислам Тұрғанбаев қолаға қол созды. Ал Қайрат Мұқанбеков "өз-өзін қорғау" сайысында топ жарды.

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті, - дейді Алматы қ. қоян-қолтық ұрыс федерациясының вице-президенті, ҚР жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Əзиз Газеев. - Біздің өрендер əлемде кім-кімге болса да лайықты қарсылас бола алады. Қазбек Сағын екі дүркін əлем чемпионы атанды. Ислам Тұрғанбаев əлемдік додаға алғаш қатысты. Осындай қарқынмен кəсіпқойлар сайысына шығатын күн де алыс емес. 

- Алты жасымнан бокс, кикбокс, күреспен айналыстым. Құқық қорғау саласына қызметке тұрғаннан кейін қоян-қолтық ұрыспен шұғылданып жүрмін. Мен көп еңбектендім. Əуелі панкратионнан ел жəне əлем біріншіліктерін ұттым. Бұған дейін қоян-қолтық ұрыстан дүниежүзілік додада екінші орын алсам, 2017 жылы бас жүлдені иелендім. Міне, енді сол нəтижені қайталадым, - дейді Қазбек Сағын.

- Менің осы спортпен шұғылданғаныма төрт жыл болды, - дейді Ислам Тұрғанбаев. - Бұл менің осындай деңгейдегі тырнақалды табысым.Шешуші тұста қателік жіберіп, ирандыққа ұтылдым. Енді бұдан биік мақсатты көздеймін.

Осы жоғары рейтингтің арқасында спортшылардың ММА-ға ауысуына мүмкіндіктері бар.