Вячеслав Шапран - "Алматы" клубының бас бапкері

06.06.2019, Оқылғаны: 103
"Алматы" ВК басшылығының шешімі бойынша ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вячеслав Шапран команданың бас бапкері болып тағайындалды. Анатолий Дьяченко кеңесші-бапкер қызметін атқарады. 

Шапран Вячеслав Николайұлы 1948 жылдың 21 тамызында Алматы қаласында туды. Ойыншы ретінде алматылық "Буревестник" клубында өнер көрсетіп, КСРО-ның күміс жүлдегері (1968)   жəне чемпионы (1969) атанды. Еуропа чемпиондары кубогын екі мəрте (1970, 1971) олжалады.
1988-1991 жылдары Алжир құрамасының тізгінін ұстады.
1991-1994 жылдары Тунистің "Этуаль" клубын жаттықтырды. 
2001-2006 жылдары Алматының "Рахаты" жəне Қазақстанның əйелдер құрамасының бас бапкері болды. Қазақстанның алты дүркін чемпионы, ел кубогының иегері, клубтар арасында Азия чемпионы, "ҚР Президенті кубогының" төрт дүркін жеңімпазы атанды. Шапранның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы əлем чемпионатына қатысып, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
2011 жылдан бері "Жетісу" (Алматы облысы) клубында еңбек етті. Бас бапкер ретінде екі рет Қазақстан біріншілігінің күміс медалін иеленді. 2018 жылы ҚР Суперкубогын еншіледі. 
2016-2019 жылдар аралығында ұлттық құрама тізгінін қайта ұстап, қайта əлемдік додаға шығарды.

БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Вячеслав Шапран өз ой-жоспарымен бөлісті.
- Біраз жыл Алматы облысында еңбек етіп, жақсы команда жасақтадық - Суперкубокта топ жарып, қатарынан екі жыл ел біріншілігінде күміс медальді иелендік. Енді өзімнің туған қалама қайта оралдым. Жаңа ұжыммен танысып та үлгердім. Енді жұмысты бастаймыз.
- Команда басшылығы алдарыңызға қандай мақсат қойып отыр?
- Басты мақсат - Ұлттық лиганың плей-оффына жолдама алу. Биылғы жарыс басқа жүйе бойынша өтеді. Сегіз команда екі топқа бөлінді. Біздің тобымыз өте мықты. Қарсыластарымыз - ел чемпионы "Алтай", төртінші орын алған "Алтай-2" жəне күміс жүлдегер "Жетісу". Алдымен олармен "кіші турда" күш сынасамыз, одан кейін "үлкен турда" "Ертіс-Қазхром", "Қуаныш", "Астана" жəне "Қарағандымен" кездесеміз. 
- Жұмысты неден бастамақсыздар?
- Биыл жарысты сəл ертерек, 12 қыркүйекте бастаймыз. Қазақстан кубогына қатысамыз. Ал толыққанды жаттығуға 1 шілдеде кірісеміз.
- Сізге дейін команданы жаттықтырған Анатолий Дьяченкомен қарым-қатынасыңыз қалай?
- Ол танымал бапкер, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы. Алдағы уақытта Анатолий Ивановичпен бірге жұмыс істейміз. Екеуміз тез-ақ тіл табысып кеттік. Людмила Перевертова өз кезегінде 23 жасқа дейінгі ойыншыларды баптайды. Барлығымыз "Алматының" мүддесі үшін жұмыс істейміз.
- Бапкерлік штабта қандай өзгерістер болады?
- Анатолий Дьяченко кеңесші-бапкер болды. Юлия Толкушева екінші бапкер болып тағайындалды. Дмитрий Завгородниймен бұрыннан таныспын. Бірге ұлттық командада жұмыс істедік. Сондай-ақ бізге Евгений Машебин мен Игорь Галаганов көмектеседі. Массаж жасаушы Жəнібек Жанғазинов пен дəрігер Рустам Исмаиловта өз орындарында.
- "Алматы" ВК əркез өз жастарын тəрбиелеу қағидатын ұстантын. Алдағы уақытта жұмыс осы бағытта жүргізіле ме, əлде мықты ойыншыларды шақыртуды жоспарлап отырсыздар ма?
- Расында да бізде дарынды жастар жетерлік. Білікті бапкерлер де бар. Егер сақа ойыншылар мен талантты жастардан ортақ бір мақсатқа жұмылған команда жасақтай алсақ, бағындырар белестеріміздің биік болары сөзсіз.
- Өткен маусыммен салыстырғанда команда көп өзгере ме?
- Қазір біз команданы жасақтаумен айналысып жатырмыз. Жалпы былтырғы құрам қалады.
- "Алматы" соңғы маусымдарда өз қаласында ойнаған жоқ. Осы мəселеге байланысты клуб басшыларымен сөйлескен жоқсыздар ма? 
-Сөйлестік. Əрине, біз Ұлттық лигадағы турлардың бірі Алматыда өткенін қалаймыз. Бұл волейболдың деңгейінің өсуіне септігін тигізеді. Біраз əзірге олай болмай тұр. Бұл күндері біз Алматы қаласы əкімдігі жəне республикалық волейбол федерациясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Осы мəселе оңды шешілсе, жақсы болар еді