Спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа оқушыларды іріктеу өткізілді

18.08.2017, Оқылғаны: 925

Спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа оқушыларды жаңа оқу жылына қабылдау басталды. Жасөспірімдер жалпы физикалық дайындық және оқу пәндерінен емтихан тапсырды.

Іріктеу кезеңі №2 спорт мектебінде физикалық дайындық бойынша нормативтерді қабылдаудан басталды. Оқушылар 30 метрге жүгіру, орыннан ұзындыққа секіру, сонымен қатар, қыздар пресске арналған жаттығуларды жасаса, ұлдар турникте тартылды және қайталамалы жүгіріс тапсырмаларын орындады.

Сонымен қатар, іріктеу кезеңіне қатысушылар орыс тілі, қазақ тілі, қазақстан тарихы және математикадан емтихан тапсырды. Айта кетер жайт, оқушылар қазақ тілі мен орыс тілдерінен диктант жазса, қалған пәндерден тест тапсырды. Емтихан кезінде балаларын асыға күткен ата-аналар бірінші кезекте уайымға салынды.

Сканвина Татьяна Иван Пашукевичтің анасы:

- Кеше спорттық, ал бүгін оқу емтихандарын тапсырдық. Менің ұлым жүзумен айналысады. Ол 5 жасынан спортпен айналысып келеді. Оған өте ұнайды, жетістіктері де аз емес. Ол көптеген жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері. Менің ұлым сабаққа көп көңіл бөліп, спортпен тек бос уақытында ғана айналысқанын қалар едім. Алайда, ол спортпен кәсіби шұғылдануды таңдады. Сондықтан, бапкеріміздің кеңесімен осы мектепке түсуге бел будық.

Жалпы, іріктеу кезеңіне 63 адам қатысты. Мектеп басшылығының айтуынша, тағы да қосымша іріктеу өтеді, өйткені, қазіргі уақытта, спортшылардың басым бөлігі оқу-жаттығу жиындарында. Осы мектепте оқимын деушілер түрлі спорт түрлерінің кәсіби спортшылары. Атап өтсек, жеңіл атлетика, жүзу, семсерлесу, спорттық гимнастика, спорттық акробатика, қазіргі бессайыс, шаңғы спорты, ауыр атлетика, фристайл, баскетбол, конькимен жүгіру спорты, бокс және регби.

Семен Шемякин, іріктеу кезеңінің қатысушысы:

- Спорттық гимнастикамен жеті жыл айналысамын. Бұған дейін гимназияда оқыдым. Осы мектепке екінші жыл тапсырып жатырмын. Өткен жылы іріктеу кезеңінен өту үшін кейбір пәндерден жеткілікті ұпай санын жинай алмадым. Менің спорттық мектепте оқығым келеді, өйткені, бұл жерде жаттығуларға көп көңіл бөлінеді. Сабақ түсте өтсе, қалған уақытта спортпен шұғылдануға уақыт жеткілікті болар еді. Кеше нормативтерді жақсы тапсырдым деп ойлаймын, тіпті, қатысушылардың ішінде үздік нәтижелер көрсеттім. Ал сабаққа келетін болсақ, бүгін математикадан есептер қиын берілді. Осы жылы сәті түсіп, жолым болады деген үміттемін.

Енді, мұғалімдер спорттық және оқу бөлімдерінен балалардың тапсырған емтихандарын тексеріп, ұпай сандарын жинақтайды. Сонымен, бірер күннің ішінде нәтижелер белгілі болады.