«Спорт менің ауламда» Спорт күнін тойлады

24.08.2017, Оқылғаны: 452

Алматының Ақкент ықшам ауданында орналасқан алаңдардың бірінде «Спорт менің ауламда» бағдарламасы бойынша спортпен шұғылданып жүрген балалар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Бұл «Спорт күніне» арналған мерекелік іс-шараға 50-ден аса жасөспірімдер мен балалар қатысып ұмытылмастай әсер алды, деп хабарлайды спорттық және ақпараттық ХАБ.

Алатау ауданының тұрғындары асық ату, бес тас, сумо сынды ойындарда өз бақтарын сынап, көптеген командалық ойындарға қатысып жеңімпаз атануға мүмкіндік алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен медальдар табысталды. Соның бірі Ұзынағаш ауылынан қонаққа келген 13-жасар Данияр Смадияров болды. Ол асық атудан бірінші орынды иеленіп өз ойымен бөлісті.

- Өте қуаныштымын. Қарсыластарым осал болмады. Бірақ мен жеңіске жететінімді сезген едім. Себебі көптеген жарыстарға қатысып жүлделі орындар алатынмын. Бүгінде менің бағым жанды. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, барлығы да керемет болды, - деді Данияр.

Бұл спорттық іс-шараның ұйымдастырушылары Алматы қаласынының дене шынықтыру және спорт басқармасы және мегаполистегі ұлттық ойындар клубы болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, «Спорт менің ауламда» бағдарламасы осы жылдың басында бастау алған болатын. Оның басты мақсаты бұқаралық спортты дамыту және балалармен жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған. Қазіргі танда бұл бағдарлама бойынша 6000 қатысушы Алматы шаһарының әр аудандарында орналасқан 75 алаңда өз уақыттарын спортпен өткізуде.