Алматыда балалар арасында сабмишн файтингтан ашық халықаралық Arlan Grip Selection турнирі өтті

15.09.2017, Оқылғаны: 415

Бүгін мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде балалар арасында сабмишн файтингтан «Fall Open 2017» ашық халықаралық Arlan Grip Selection турнирі өтті. 18 жасқа дейінгі жеткіншектер жарыс жолына шығып, өзара мықтыны анықтады.

Әдеттегідей, салмақты өлшеу рәсімі қатысушы белдесуінің алдында өткізілді. Кейіннен, төрешілер ережелерді түсіндіріп, балалардың сұрақтарына толыққанды жауап берді.

300-ге жуық джитсер жастарына қарамастан қызықты да тартысты жекпе-жектерді көрсетті. Олардың кәсіби тәсілдері мен жеңіске деген ынталары, жанкүйерлерді бейжай қалдырмады. 

- Жекпе-жек жақсы өтті, мен барлық қарсыластарымды ойсырата ұттым. Армбар және үшбұрыш сияқты тәсілдерді қолдандым.  Arlan Grip Selection жарыстарына сегізінші рет қатысудамын. Бұған дейін, 6 алтын, бір күміс және қола медальдерін олжалағанмын. Бір жылға жуық осы спорт түрімен айналысамын, маған өте ұнайды. Жалпы, күш қолданбандай, техника мен ақылмен ғана жеңу оңай емес. Жеңіске жеткеніме аса қуаныштымын, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, - деп атап өтті жарыс жеңімпазы Қуаныш Айсен.

Спорттық шараның басты мақсаты, Қазақстанда джиу-джитсуды дамытып, елге таныту, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың шеберліктерін арттыру, үздіктерді  анықтау.

Айта кетер жайт, додаға тек ұлдар ғана емес, қыздар да қатысты. Олар тіпті ұлдармен бақ сынасып, тізе бүктірді. Бұған дәлел Жібектің жеңісі.

- Мен тек ұлдармен белдескен себебім, менің салмақтық санатыма сәйкес спортшы болған жоқ. Бірақ, бұл кездесулер маған оңай берілді. Өйткені, күнделікті ұлдармен ғана жаттығамын. Бүгін көптеген тәсілдерді қолдана алдым. Атап өтсем, үшбұрыш, гард, армбар және басқалары. Боз кілемге ұлдармен шығуға қорықпаймын, өйткені, бұл спорт түрінде қауіпті тәсілдер жоқ, барлығы ережелерге сәйкес бәстеседі. Әлбетте, осыншама ұлдың арасында бірінші атанғаныма шексіз қуаныштымын. Алдағы уақытта жаттығып, тек жеңуге тырысатын боламын! – деп бөлісті жарыс жеңімпазы Жібек Құлымбетова.

Аталмыш жарыс ADCC ережелеріне сәйкес түрлі салмақ санаттары  бойынша белдесті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом мен медальдермен марапатталды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегер тізімін arlangrip.kz сайтынан көре аласыздар.

Естеріңізге сала кетсек, ертең жарыс жолына 18 жастан жоғары ересектер шығады.