Нұрғиса Нұрғалиев: ұлттық спорттың астарында халқымыздың тек-танымы бар

20.06.2017, Оқылғаны: 1118

Тарихи сана — ата-бабамыздың жүріп өткен жолы демекші, қазіргі таңда, ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, жастарды оған қызықтыру - біздің парызымыз. Алматы қаласының ұлттық спорт түрлері клубының директоры  Нұрғиса Нұрғалиев  ұлтымыздың мыңдаған жыл тарихы бар ата-бабамыздан қалған мұрасы, тамаша ойындарын қайта тірілтіп, дамыту жолдарын атап өтті.

 - Алматы қаласының ұлттық спорт түрлері клубыжайлы айтып өтсеңіз?

Біздің халықтық-ұлттық спорт түрлері және бұқаралық дене шынықтыру, сауықтыру клубы негізінен 2005 жылы құрылып, содан бері жұмыс істеп келеді. 2016 жылдың қазан айынан бастап, жекешелендіру бағдарламасы бойынша жекеленіп кеткен. Клубтың басты мақсаты ұлттық спорт түрлерін және қала тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту. Яғни, бала болсын, жасөспірім болсын, ересек болсын, барлығын дене шынықтырумен шұғылдануға қызықтыру. Әлбетте, басты бағыттардың бірі ұлттық спорт түрлерін дамыту.

- Дәстүрге айналған, жыл сайын өтетін жарыстарға тоқтала кетсеңіз?

Көптеген қалалық деңгейдегі жарыстар, спартакиадалар дәстүрге айналып, алып шаһар тұрғындарын қуатып келеді. Олардың ішінен атап өтетін болсақ, Медеу шатқалында өткізілетін,  кем дегенде 4000 адамның басын қосатын «Баспалдақ»  жарысы , он жылдың көлемінде жыл сайын ұйымдастырылады, сондай-ақ, «Денсаулық» сайысы  бес жүз адамның қатысуымен  жыл сайын өтеді. Кешенді спартакиадалар да баршылық: қыздар арасында өтетін «Сымбат» жарысы, алты спорт түрін қамтитын мектеп-интернат пен балалар үйілері  арасындағы «Бірлік» сайысы, «Тамаша сөре» мен «Ер төстік» балабақша тәрбиеленушілері арасында өткізіледі. Жақында, балалар күніне орай соңғы аталған жарысты ұйымдастырғанбыз. Қаланың барлық командалары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Айта кетсек, әскерге дейінгі жасөспірімдер арасында «Отан» дәстүрлі спартакиадасы да өтеді.

- Қазіргі таңда, ұлттық спорт түрлерінің дамуы қандай деңгейде?

Бұған дейін, ұлттық спорт түрлерінен қазақ күресі мен тоғызқұмалақ бөлімдері ғана болған. Сонымен қатар, бұқаралық жарыстарда тымақ ұру, қол күресі сияқты жарыстарды қосымша өткізетінбіз. Былтырғы жылдан бері, асық ату мен бестас ұлттық ойындарынан бөлімдер ашылды. Онда 75-тен астам бала жаттығады. Өткен жылы, жарыстарға шығып, кішкене тәжірибие жинап, шеберліктерін  шыңдады. Үштікке болмаса да, үздік бестікке іліндік. Биыл, ЭКСПО қарсаңында Астанада, шілденің 1-4  аралығында асық атудын «Алтын сақа» халықаралық турнирі өтеді. Біздің спортшылар оған дайындалуда, үш ұл мен үш қыз баласы қатысатын болады. Қазақ күресінен екі бапкер он сегіз жасқа дейінгі жеткіншектерді тегін жаттықтырады. Жалпы, ұлттық спорт түрлерін қарқынды дамытуға тырысып жатырмыз. Мәселен, тоғызқұмалаққа деген қызығушылық жастар арасында жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері жеті жүзге жуық бала қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен асық атудан жарыстарға белсенді қатысуда. Алдағы уақытта екі жүз сайыстың жартысы ұлттық спортқа бағытталған.

- Жазғы уақытта қандай спорттық шаралар  өтпек?

Мектеп қармағындағы лагерь тәрбиеленушілері арасында жарыстар өткізбекпіз. Жалпы айтқанда, жергілікті тұрғындарыдың спортқа деген белсенділігін арттыру үшін аянбай еңбек етудеміз. Сонымен қатар, ерекше балалар арасында спортты насихаттау мақсатында сайыстар ұйымдастырылады. Біз жылына 420-ға жуық іс шара өткіземіз. Спорттық  шаралар балабақша, мектеп, колледж және жоғарғы оқу орындарды қамтиды. Өткен жылы, 425 жарыста 35 000 әуесқойдың  басын қостық. Оның ішінде онға жуық кешенді спартакиада бар. Ұлттық қана емес, әйгілі спорт түрлерінен де, қазақ күресі, футбол, волейболдан жасөспірімдер өзара мықтыны анықтайды.  Біздің бөлімдерде 270-ке жуық спорт әуесқойлары асық ату, қол күресі, бестас, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, гір көтерумен сегіз бапкермен бірге шұғылданады.

- Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

Болашақта тоғызқұмалақ, асық ату мен қазақ күресінен басқа да көкпар, бәйге сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды  ұйымдастыру жоспарда бар. Жалпы, ұлттық спорт түрлерімен қатар бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін барынша еңбек етудеміз. Сонымен қатар, алдағы уақытта ұлттық спорт түрлерінен кешенді спаркиада өткізу де жоспарланған. Бұл сайыс ұлттық ойындардың барлығын қамтитын болады.