Бауыржан Исламхан: ешкім ұтылғысы келмейді, сондықтан, тек алға

31.10.2017, Оқылғаны: 488

Қазақстаннның кәсіпқой футбол лигасы қалыптасқан дәстүр бойынша осы маусымның үздіктерін анықтады. Әр лигадағы клубтардың, командалардың бас бапкерлері арасында сауалнама жүргізіліп (дауыс беру арқылы), маусым айының қорытындысы бойынша Бауыржан Исламхан еліміздің үздік ойыншы атанған болатын. Ұлттық құрама командасы және «Қайрат» футбол клубының капитаны  Бауыржан Исламхан елімізде футболдың дамуы, өз жоспарлары мен жаңалықтары жайлы ақпараттық және спорттық хаб тілшісіне әңгімелеп берді.

Бауыржан Ербосынұлы, футболға деген махаббатыңызды ұялатқан кім? Бала кезіңізде кім болуды армандайтынсыз?

- Бала кезімде таеквондомен шұғылданатынмын, аяғымды жарақаттап алған соң ба, білмеймін... Кейіннен ауладағы балалармен футбол ойнап, қызығушылығым осы спорт түріне арта бастады. Осылайша, футбол саласына келдім.

Кәсіби футболшы ретінде алғаш қадамдарыңыз жайлы айтып берсеңіз?

- Достарымызбен бірге бастадық. Бапкеріміз Иван Николаевич болатын, «Дядь Леня» деп атайтынбыз. Бапкерімізге  деген алғысымыз шексіз. Бүгінгі жетістіктерім сол кісінің қажырлы еңбігінің арқасында деп ойлаймын.

Cіз «Қайраттың» ойын өрнегін анықтайтын футболшылардың бірісіз, мұндай дәрежеге қалай жеттіңіз? Жетістіктеріңіз жайлы айтып өтсеңіз?

- «Қайрат» футбол клубына келгелі бері, екі рет еліміздің үздік футболшысы атандым. Бұл менің ғана емес, командамның да жетістігі, сондықтан, әріптестеріме рахметімді айтқым келеді.

Бүгінде сіз еліміздің үздік ойыншысыз, ал үйде, жанұя ортасында атақты Бауыржан Исламхан қандай?

- Қазір аллаға шүкір, жанұям бар, жақында ұлды болдым. Үйде мені ұлым, жұбайым күтеді. Олар маған көптеген күш-қуат береді, осындай дәрежеге жеткенім отбасымның қолдауының арқасында.

Қазіргі таңда, сізге еліктейтін жастар мен жасөспірімдер баршылық, жас футболшыларға айтар кеңесіңіз?

- Бүгінгі таңда, футболмен айналысуға барлық жағдай жасалған, елімізде көптеген базалар, академиялар салынған. Барлығы жастар үшін жасалып жатыр. Жастарға айтарым, өсіп, жетістіктерге жету үшін көп жұмыс жасау қажет, жаттығу керек.

Елімізде футболдың қарқынды даумына не жетпейді деп ойлайсыз? Жастардың қызығушылығын қалай арттыруға болады?

- Қазақстанда футболдың деңгейі жылдан-жылға өсуде. Соңғы жылдары легионерлер көбеюде, олар қызығушылықтарын танытып, біздің елге келіп жатыр. Бүгінде, футбол жастар арасында да танымал, елге кеңінен танылған. Әуесқойлар болсын, кәсіби футболшылар болсын, жасөспірімдердің басым бөлігі осы спорт түрімен айналысады.

Қорытындылай келе, өмірлік ұстанымыңыз, ұран сөзіңіз қандай? 

- Спортшы болған соң, барлығы тек ұтқысы келеді, ешкім ұтылғысы келмейді. Сондықтан тек алға!