Елдос Ахметов: ешқашан берілмеу керек

05.12.2017, Оқылғаны: 410

Ұлттық құраманың  және «Қайрат» футбол клубының ойыншысы Елдос Ахметов елімізде футболдың дамуы, өз жетістіктері мен жаңалықтары жайлы ақпараттық және спорттық хаб тілшісіне әңгімелеп берді.

Елдос,  футболға деген махаббатыңызды оятқан  кім? Бала кезіңізде кім болуды армандайтынсыз?

- Мен 10 жасымнан бастап футбол ойнаймын. Менің туған ағам осы спорт түрімен шұғылдана бастады, ал мен оның жолын қудым. Ағамның футбол таңдағанына аса қуаныштымын. Футбол – бұл үлкен отбасы. Бала кезімде ғарышкер болуды армандайтынмын. Бірақ он жасымда футболды сүйгенім соншалық, тіпті, түнде достарымызбен прожекторлар астында ойнайтынбыз. Қызық әрі естен кетпес кездердің бірі болатын.

Cіз «Қайраттың» үздік футболшыларының бірісіз, мұндай дәрежеге қалай жеттіңіз? Жетістіктеріңіз жайлы айтып өтсеңіз?

- Мен өзімді үздік футболшы деп айта алмаймын, маған көп жұмыс жасау қажет. Әрине, алға ұмтылу керек. Ешқашан берілмеу қажет. Спортта тек мықтылар мен үздіктер жеңеді. Қиын тапсырмаларды соңына дейін жеткізуге ұмтылу қажет. Аянбай еңбек етіп, жанкүйерлерімнің үмітін ақтауға тырысамын. Жалпы, менің жүлделерім көп, Кубок, супер Кубок және көптеген дүбірлі додалардың жеңімпазы мен жүлдегерімін.

Кәсіби футболшы ретінде алғаш қадамдарыңыз және жетістіктеріңіз жайлы айтып берсеңіз?

- Мектепте ұлттық емтиханға дайындалып жүргенде, оқуды немесе спортты таңдауға тура келді. Әрине, мен ойланбастан спортты таңдадым. Ол кезде менің футболмен шұғылданып жүргеніме біраз болған, бар уақытымды спортқа арнайтынмын. Мен сабақты өткізіп алған кездерім де болған. Бірақ, бұл сабақты қойыңдар дегенді білдірмейді. Барлығын бірдей алып жүруге болады, сабақты да спортты да.

Қазіргі таңда, сізге еліктейтін жастар мен жасөспірімдер баршылық, жас футболшыларға айтар кеңесіңіз?

- Біріншіден, маған сеніп, мені қолдап жүрген жанкүйерлеріме алғысымды білдіремін. Оларға спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар деген кеңес берер едім. Бос уақытта алаңға шығып, футбол ойнаңыздар.

Елімізде футболдың қарқынды дамуына не жетпейді деп ойлайсыз? Жастардың қызығушылығын қалай арттыруға болады?

- Біздің футбол жыл санап дамып келеді. Қадамдарымыз кішкентай болса да, алға ұмтылудамыз. Біздің елімізде футбол бұқаралық, әйгілі спорт түрлерінің бірі. Бірақ бағындырар шыңдарымыз әлі де алда. Болашақта Қазақстан футболы одан әрі дамып, жақсы нәтижелерді көрсетеді деген ойдамын.

Қорытындылай келе, өмірлік ұстанымыңыз, ұран сөзіңіз қандай? 

- Қандай қиындықтар, жағдайлар болып жатса да, оларға төтеп беру керек.Ешқашан берілмеу керек.