Алматыда волейболдан ерлер арасында Қазақстан чемпионатының үшінші кезеңі басталды

11.01.2018, Оқылғаны: 314

Бүгін АВВ аренада Ұлттық ерлер лигасының үшінші кезеңі басталды. 

Бірінші болып алаңға "Динамо-Тараз" және "Павлодар" командалары шықты. Ал екінші кездесу алматылық "Буревестник" пен "Алтай" волейболшылары арасында өтті.

Бірінші матч екі команданың басымдығымен басталғанымен, үшінші кезеңде тараздықтар 2:1 есебімен алға шықты. Алайда, төртінші кезеңде павлодарлықтар есепті теңестіре алды. Сонымен, бесінші шешуші кезең тартысты да қызықты өтті. Екі команда да жақсы ойын өрнегін көрсеткенімен, жеңіске 3:2 есебімен "Динамо-Тараз" жетті.

- Біз бұл командамен бұған дейін ойнағанбыз, алдыңғы ойындарды ескере отырып, жұмыс жасадық. Біз павлодарлықтардан бір рет жеңіліп, бір рет оларды ұтқанбыз. Шешуші кезеңде бапкеріміздің нұсқауларын бұлжытпай орындауға тырыстық. Ең бастысы, барлығымыз жиналып, соңына дейін берілмей жақсы ойнадық, - деп ойымен тараздық волейболшы Әсет Базарқұлов бөлісті. 

Екінші болып алаңға "Буревестник- Алматы" мен "Алтай" командалары шықты. Әр кезең сайын біріншілік бір командадан екінші командаға ауысып отырды. Бірінші кезең алаң қожайындарының жеңісімен өз мәресіне жетті, есеп 31:29. Екінші кезеңде волейболшылар нағыз бәсекені көрсетті, қарсыластар тепе-тең ойнады. Нәтижесінде, 25:23 ұпаймен алтайлықтар жеңіп, жалпы есепті теңестірді. Үшінші кезеңде Алматының волейболшылары басымдық танытып, 8 ұпай айырмасымен жеңіске жетті. Алайда, төртінші кезеңде "Алтай" волейболшылары есепті қайта теңестірді.  Осылайша, бұл айтулы доданың жеңімпазы бесінші кезеңде анықталды. 3:2 есебімен "Буревестник-Алматы"  волейболшылары басым түсті.  

- Эмоционалды әрі жақсы ойын болды. Біз бұған дейін алтайлықтармен кездескенбіз, бүгін оларды алғаш рет жеңіп отырмыз. Өз алаңымыз көмектесті деп ойлаймын. Жанкүйерлерімізге шексіз алғысымызды білдіреміз, - деп "Буревестник-Алматы" капитаны Сергей Кузнецов бөлісті.

Айта кетер жайт, Ұлттық ерлер лигасының үшінші кезеңі қаңтардың 15 дейін жалғасады.