Алматыда қыздар арасында бокстан Қазақстан чемпионаты басталды

22.01.2018, Оқылғаны: 412

Бүгін алып шаһарда қыздар арасында Қазақстан біріншілігінің жалауы желбіреді. Жарыс мамандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде AIBA ережелерімен бекітілген 10 салмақ дәрежелері бойынша өтуде: 48, 51, 54, 57, 60, 64, 69, 75, 81, +81 кг.

Бүгінгі аламанға әр өңірден  сайдың тасындай сайланып шыққан 90 боксшы қыздар оңтүстік астанада бас қосып,  өзара мықтыны анықтамақ.

Айтулы доданың салтанатты ашылу рәсіміне Ермаxан Ибраимов бастаған қазақ боксының ардагерлері, жарыс ұйымдастырушылары мен Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, чемпионаттың ашылуымен құттықтады. 

- Ел чемпионаттарында ғана емес, сонымен қатар әлемдік ареналарда халқымыздың мерейін тасытып, талай мәрте жеңіс тұғырынан еліміздің көк байрағын желбіреткен бұл спорт түрі, баршамыздың сүйікті спортымыз. Ал бүгін, қыздар арасында бокстан Қазақстан чемпионатының Алматыда алғаш рет өтуі бәріміз үшін үлкен қуаныш. Барлық қатысушы қыздарға сәттілік пен жарқын жеңіс тілеймін, - деп  Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының  бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Алмасбек Маханбетияров атап өтті.

Чемпионаттың басты мақсаты еліміздегі спорттың бокс түрін насихаттау және бұқаралық дамыту, сонымен қатар, жастар (қыздар) арасындағы Қазақстан құрама командасын жасақтау үшін мықты боксшыларды айқындау болып табылады.

- 2000-2001 жылы туылған қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты өте маңызды. Бұл ұлттық құрама командаға іріктеу жарысы. Құрама команда жасақталғаннан кейін Азия, Әлем чемпионаттары және жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдаманы жеңу үшін жұмыс жасайтын боламыз. Біз оларды аранайы дайындаймыз, ал қыздар мықты болу керек. Сондықтан, барлығына сәттілік тілеймін, - деп атап өтті Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов. 

Айта кетер жайт, чемпионаттың үздіктері қаңтардың 27 күні анықталады. Үш күннің ішінде іріктелген мықты боксшы қыздар жартылай финал мен финалда бәстеседі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және медальдармен марапатталады. Сонымен қатар, «Үздік техника үшін», «Жеңіске деген жігері үшін» және «Үздік төреші» номинациялары бойынша сыйлықтар табысталады.

Чемпионат ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Дене шынықтыру және спорт істері комитеті, Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы қаласының бокс федерациясының қолдауымен өткізілуде.