Алматыда спорттық гимнастикадан Президент Кубогы аяқталды

14.02.2018, Оқылғаны: 351

Алматыда №9 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде спорттық гимнастикадан «Қазақстанның гимнастика Федерацисы Президентінің VI Кубогы» аяқталды, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Турнир халықаралық федерация FIG ережелері мен талаптарына сәйкес өткізілді. Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Иордания елдерінен келген 180-ге жуық спортшылар қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша, қыздар арасындағы 1-ші разрядтағы квалификацияда бірінші орынды алматылық Есения Тойшубекова алса, екінші орынға Камила Добровольская жайғасты. Ал үшінші орынды Николь Новоселова және Дильназ Жүсіпова иеленді.

Спорт шеберлігіне үміткер қыздардын арасында өзбекстандық Дилдора Арипова алтынан алқа тақса, қарағандылық Дарья Ясинская күміспен күптелді. Ал Анна Сильнова және алматылық Эмилия Вейберт қоланы қанағат тұтты.

Спорт шеберлері арасында алтын медальға өзбекстандық Анастасия Мирошниченко қол жеткізсе, күміс пен қола жүлделерді Анна Матвеенко (Ресей) және Александра Шаметько (Талдықорған) мен Диана Бахтияроваға (Өзбекстан) бұйырды.

Сонымен қатар, финалда өздерінің нәтижелі өнерлерімен ұлдарда есте қалды. Спорт шеберлері арасында алматылық гимнаст Милад Карими мықтылығын дәлелдесе, ол украиндық азамат Назар Чепурный мен өзбекстандық Расулжон Абдурахимовтан ұпай санымен озып кетті. Спорт шеберлігіне үміткер қатысушыларда өзара мықтыны анықтады. Олардан бірінші орынды Уткирбек Жураев (Өзбекстан) алса, Илья Ковтун (Украина) пен Алексей Рябов (Ресей) екінші және үшінші орынға ие болды. Бірінші разрядтағы спортшылар қатарында украиндық спортшылар Иван Севрук, Назар Васильковский және Ярослав Сидоренко көзге түсті.

- Жарыстың жоғары деңгейде өтті. Біз халықаралық жарыстарға іріктеу

жарыстарын өткіздік. 10 спортшының қатарынан үздік 6-ы тандалады. Барлық қатысушыларды жақсы танимын, олардың барлығы мықты спортшылар. Мен төрт снарядта өнер көрсеттім. Өз нәтижеме ризамын, - деді спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Дәулет Нарменов.

Бұл жыл сайын өтетін кубок осы маусымдағы алғашқы жарыс болып саналады. Оның ұйымдастырушылары: «Қазақстанның гимнастика федерациясы» және Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Кубок, медаль және грамоталармен марапатталады. Ал ұлттық құрамаға іліктелген спортшылар, алдағы уақытта әлем кубоктарына барып, ел намысын қорғайды.